Экологиялық ахуал елеңдетеді

Экологиялық жағдайды жақсарту мәселесі қашан да күн тәртібінен түскен емес. Бұған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», деп атап көрсеткен еді.

Сәтбаев қаласының Қоғамдық кеңесі де аймақтың экологиялық ахуалына алаңдаулы екенін көрсетті. Аптаның басында өткен кезекті отырыста Қоғамдық кеңестің мүшелері осы мәселені қызу талқылады. Отырысқа бірқатар құзырлы мекемелердің басшылары мен өкілдерін шақырып, толғағы жеткен толымды мәселелерді олардың алдына көлденең тартты.

– Қаланың экологиялық жағдайы – қоғам назарын аударып отырған басты мәселелердің бірі. Өзіміз өмір сүріп отырған қоршаған ортаның тазалығы мен саулығы баршамызды алаңдататыны анық. Сондықтан, бүгінгі отырысымызға осы мәселені арнайы алып шығып отырмыз. Әуелі қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гаухар Жалмурзинаның қоршаған ортаны қорғау мен оның адам денсаулығына әсері жөніндегі есебін тыңдайық. Содан кейін осы жиынға арнайы шақырылған меймандарға сөз кезегін береміз, – деді отырысты ашып, жүргізіп отырған қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Марал Мәдиева.

Қаланың бас санитар дәрігері Гаухар Жалмурзина аймақтың экологиялық ахуалы жайлы өте өткір мәселелерді ортаға салды. Ол қоршаған ортаның ластануына тікелей әсер етіп отырған бірнеше құзырлы мекемелерді тізіп айтып шықты. Бұл тізімнің басында «Қазақмыс» корпорациясы тұр. Соның ішінде, корпорацияның Сәтбаев қаласының аумағында орналасқан бұрынғы №3 байыту фабрикасының қалдықтар жинайтын кешені (хвостовой) келтіріп отырған залал өте зор. «Қараусыз қалған шаруашылық қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіріп тұр. Жел көтерілсе болды қанаттас жатқан қос қаланы тозаң басып кетеді. Ал, ол тозаңның құрамында Менделеев таблицасындағы небір ауыр металдар ұшып жатқанын айтудың өзі қорқынышты», дейді Гаухар Шәріпқызы.

Маманның айтуынша, қоршаған ортаны ластауда орталық жылу қазандығы мен ел ауызекі «ЮЗК» атап кеткен оңтүстік-батыс қазандықтың да қосып отырған үлесі қомақты. Жел оңтүстік-батыстан соққанда қаланы түтін мен ыс басып кетіп, халықтың денсаулығына өлшеусіз залал келтіріп отырғанын да нақтылы дәлелдермен жеткізді.

Бас санитар дәрігер өз есебінде қаламыздағы автокөлік кәсіпорындарының да қоршаған ортаны ластауда өзіндік мөлшері бар екенін айтты. Сондай-ақ, қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтар төгетін полигонның жай-жапсарын да тілге тиек етті. Тілге тиек етіп қана қойған жоқ, полигонның сыйымдылығы шегіне жеткенін, оның экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келмейтінін ашып айтты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жиынға арнайы шақырылған облыстық экология департаментінің Жезқазған өңірі бойынша инспекторы Шабдан Тынымбаев, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бөлім басшысы Лаура Сатыбалдина, «Tranc expess» кәсіпорнының бас техникалық жетекшісі Наурызбай Мейірманов шығып сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселеге орай өз мекемелерінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

Қоғамдық кеңес мүшелері қордаланған мәселелерге қатысты толғандырған сауалдарын қойып, өз ойларын ортаға салды. Қалада заңсыз қоқыс орындарның көбейіп бара жатқандығын да қынжыла отырып айтты. Бұл мәселеге орай экология инспекторы Шабдан Тынымбаев «Қазақстан ғарыш Сапары» компаниясының ғарыштық мониторингі шеңберінде қала маңындағы осындай заңсыз қоқыс орындарының анықталғанын, жергілікті атқарушы органдар тарапынан оларды жою шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.
Қоғамдық кеңес отырысында күн тәртібіндегі мәселеге орай арнайы шешім қабылданып, оны құзырлы орындарға жолдайтын болып келісілді.

Қоғамдық кеңестің отырысына қала әкімінің орынбасары Дәуір Жүнісбеков, қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук, бірқатар мекеме басшылары мен қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.