Жасөспірімдер қауіпсіздігі – басты назарда

Өткен аптада Сәтбаев қаласының полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобы, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар, қалалық білім бөлімі және жастар орталығы бірлесіп «Түнгі қаладағы балалар» облыстық акция аясында рейд ұйымдастырды.

Акция барысында кәмелетке толмаған жастардың түнгі уақытта жүруінің алды алынып, әлеуметтік жағынан қауіпті жағдайға тап болған отбасылардың тұрмыстық жағдайы жан-жақты тексерілді. Жасөспірімдер қауіпсіздігін, бала құқығының қорғалуын қамтамасыз еткен шарада түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде заңды өкілсіз, ойын-сауық орындарында, компьютерлік клубтарда жүрген жастар анықталып, оларға ескерту жасалды. Жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобының аға лейтенанты Қалдыбек Мухамбединнің айтуынша, «Түнгі қаладағы балалар» акциясы жылдың әр мезгілінде жиі ұйымдастырылады екен. Балалардың түнде жүрмеуіне тек тәртіп сақшылары ғана емес, ата-аналар да, мұғалімдер де мүдделі болуы тиіс.

Айта кетейік, рейд барысында ювеналды полиция бөлімінің есебінде тұрған жайсыз отбасылар тексерілді. Акция барысында олардың тарапынан құқық бұзушылық анықталған жоқ.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.