Жаңа әліпбидегі жаңалықтар

Осы аптаның басында ZOOM платформасы арқылы түрлі сала қызметкерлеріне, студенттер мен жоғары сынып оқушыларына арналған «Шеттілдік сөздердің орфоэпиясы және олардың орфографиялануы» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Іс-шараның мақсаты – тыңдаушыларға латын графикасындағы қазақ әліпбиінің емле ережесіндегі өзгешеліктер туралы, шеттілдік сөздердің айтылуы және жазылуы жайында теориялық мағлұмат беру болды.

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы М.Иген­берлина қазақ тілі алфавитін кириллицадан латын графикасына көшіру бойынша құрылған ұлттық комиссиясының отырысы өткендігі туралы, онда жетілдірілген әліпби жобасы, 30 беттік емле ережесі және пернетақта қаралғанын атап айтты. Жаңа әліпбидің жаңалығына тоқталды. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті Қазақ жазуын латын графикасына аудару орталығының жетекшісі, ҚР Үкіметі жанындағы Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент М.Тұрсынова Президент әкімшілігіне ұсынылған жетілдірілген жаңа әліпби жобасы негізінде жасалған емле ережесіндегі жаңалықтар, транскрипция мәселесін, шеттілдік сөздердің орфоэпиясы мен орфографиялануын түсіндірді.
Сонымен қатар, Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының әдіскері, педагогика ғылымдарының магистрі, жаңашыл педагог М.Ағымбаева шеттілдік сөздердің емле ережесіне байланысты тыңдаушылармен сәйкестендіру, дұрыс жалғанатын қосымшаны табу сияқты тапсырмалар орындатты. Сергіту сәтінде суретті тапсырмалар арқылы «Фразеологизмдерді тап» ойынын ойнатты. Triventу бағдарламасымен жасалған 20 сұрақтан тұратын тест жұмыстарын жасатып, жеңімпаздар анықталды.

Маржан Өтеген,
мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері.

Комментарии закрыты.