18 наурыз – “Игі істер күні”

Бұл күні әр адам мүмкіндігі келетін бір жақсы іс жасайды. Волонтерлердің, жаппай халықтың қатысуымен тазалық шарасы өткізіледі. Наурыз мейрамының он күндігі қарттарды құрметтеуге, аз қамтылған отбасыларды қолдауға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға, жоқ-жетімге қолұшын беруге арналады.

Осы күннің шеңберінде Сәтбаев қаласының басшылығы, еріктілер мен жомарт жандар да қарап қалған жоқ. Игі істер күні аясында көпбалалы бір отбасына 4 бөлмелі пәтер кілті табысталды.

Жаңбырбаевтар отбасы бүгінде бес бала тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя. Осы уақытқа дейін әкімдікте пәтер кезегінде тұрған. Қалалық әкімшіліктің кіші залына шақырылған бұл отбасыға қала әкімінің орынбасары А.Төлендина ізгі тілегін білдіріп, салтанатты жағдайда баспана кілтін табыстады. Пейілі кең қазақ халқының «Асарлату», «Жылу жинау» сынды салттары бұған дейін де үзілмеген. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қуанышқа кенелген отбасы мүшелері алғысын жеткізді.

Бұл күнгі игі бастамаларды «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС де жалғастырып, аз қамтылған 60 отбасыға азық-түлікке толы себет табыстады. Компания өкілдері әрбір мерекеде қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырған. Ал, Сәтбаев қаласының жастар ресурстық орталығының еріктілері қазыналы қарттарға құрмет көрсетті. Ұлы Отан соғысының ардагері, бүгінде 98 жасқа аяқ басқан қария Тоғай Дауылбаевтың үйіне арнайы барып, азық-түлік себетін сыйға тартып, ақсақалдан бата алды. Одан әрі жастар Қарттар үйіне де бас сұқты.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.