Білімге саяхат басталды

Қоңырау үні мектеп қабырғасынан шыққан әрбір адамның құлағына таныс, жүрегіне жақын. Әсіресе, алғашқы қоңырау үні балалық арманыңды жетелеп, білім алып, мақсатыңды айқындауға шақырады. Алтын күздің алғашқы күнінде қаламыздағы барлық білім ошақтарында жаңа оқу жылы басталып, күміс қоңырау сыңғыр қақты. Сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияда биыл алғашқы қоңырау 18-ші рет соғылды.

Білім күніне арналған салтанатқа қала әкімі Батырлан Ахметов, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова, ұстаздар мен ата-аналар қатысты.

Тұла бойыңды шымырлата, бойға қуат бере орындалған Мемлекеттік Әнұран сазынан соң, қала басшысы жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндерге құтты қадам тіледі. Сондай-ақ, салтанатты шарада Шынар Жанасылова сөз алып, аталмыш білім ордасы өткен оқу жылында ҰБТ-дан жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өтті.

– Өткен 2011-2012 оқу жылында қала мектептері бойынша төрт «Алтын белгі» иегері шықса, соның үшеуі осы гимназия түлегі. Бұл – мектептің педагогикалық ұжымының қажырлы еңбегі, мұндағы жеткіншек ұрпақтың сапалы білім алуына жасалып отырған жан-жақты қамқорлықтың нәтижесі. Биылғы оқу жылында бірінші сынып табалдырығын 1000-нан аса бала аттап отыр. Оның ішінде 56 бала гимназияның бірінші сыныбына қабылданды. Жүздері бал-бұл жанған, білімге құштар осы бүлдіршіндерге сәттілік пен табыс тілеймін, – деді білім бөлімінің басшысы.

Мұнан соң гимназия директоры Гүлбану Сүйінжанова өткен оқу жылындағы мектеп оқушыларының жетістігін атап, бір топ үздіктерді мақтау қағаздармен марапаттады.

Іні-қарындастарына арнап өздерінің жылы лебіздерін 11 сынып оқушылары да жеткізіп, жаңа оқу жылында жаңа шығармашылық табыстар тіледі.

Осыдан кейін бірінші сынып оқушыларына дүниедегі барлық кітаптардан дара, олардың ең алғашқы оқулығы болып табылатын «Әліппе» кітабы тапсырылды.

Осылайша салтанатты жиынның шарықтау шегі жетіп, балауса кеудесі бұлқынған, бірінші сынып аттаған бүлдіршіндер үшін алғашқы қоңырау соғылды. Бұл құрметке 11 сынып оқушысы Тимофей Тиньгаев пен 1 сынып табалдырығын алғаш аттап отырған Іңкəр Серікбаева ие болды.

***

Білім күніне арналған іс-шара қаламыздағы №16 жалпы білім беретін орта мектебінде де жоғары деңгейде аталып өтілді.

Салтанатқа келген қонақтар қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Кəуһар Сағын-дықова мен білім, дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің əдіскері Салтанат Айжанова мерекеге қатысқан барша қауымға құттықтауларын жеткізді. Өз кезегінде мек-теп басшысы Қайрат Смайлов ұстаздар мен оқушыларға жаңа оқу жылында шығарма-шылық табыс, білім жолында сəттілік тіледі.

«Алғашқы қоңырау» соғу құрметі 1 сынып оқушысы Камила Бірманова мен 11 сынып оқушысы Мейіржан Ерденов-ке берілді. Білім күніне арналған мерекелік жиын «Мемлекеттік рəміздер – ұлттық мақтаныш» тақырыбындағы тəрбие са-ғатымен өз жалғасын тапты.

***

Білім есігін ашқан «Алғашқы қоңырау» мерекесі №3 орта мектебінде де болып өтті. Жиынға қалалық мəслихаттың депутаты И.Бралин, білім, дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің əдіскері А.Бахтаева, ардагер ұстаз Г.Құланбаева, мектеп басшысы М.Байбекова қатысып, оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Қоңырау соғу құрметіне 11 сынып оқушы-сы Рустам Ахметов пен 1 сынып оқушысы Нұрсəуле Қабдолда ие болды.

Қаламыздың барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылғаннан кейін əр сыныпта патриоттық тақырыптағы са-бақтар өткізілді.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.