«ЕЛБАСЫ медаліне» ИЕ БОЛДЫ

«Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы», – дейді дана халқымыз. Қай мемлекеттің болсын ертеңi бiлiмдi жастардың қолында. Алдыңғы толқын аға буынның орнын басатын, ізін жалғастыратын кейінгі толқын жастар.

Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаев осындай жан-жақты дамыған білімді, елжанды, еңбекқор, өзінің атқарған ісіне жауапкершілікпен қарауды азаматтық парызы санайтын ұрпақ тәрбиелеуді білім беру саласы қызметкерлеріне жүктеді. Бұл үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда.

ХХІ ғасырда қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі білім беру болып отыр. Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен-күнге айқындалып келеді. Әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы да білімге келіп тіреледі. Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі. Орта мектеп – білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте  қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады. Бүгінде осындай алған білімінің арқасында қатарластарынан оза шауып, алдыңғы қатарда жүрген оқушылар қатары аз емес. Нәтижесінде олардың еңбегі де елеусіз қалып жатқан жоқ. Сәтбаев қаласының мектеп оқушылары жақында Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «El Umiti» бастамасы аясында әзірленген «Елбасы медалі» төсбелгісіне ие болды. Марапатталғандар қатарында С.Сейфуллин атындағы гимназияның, №1 мектеп-гимназияның, Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің, №16 және №27 мектептердің үздіктері болғандығын айта кетейік. Қала мақтаныштарын марапаттау сәті білім бөлімінде өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілген жобада оза шапқандарды алдымен Қарағанды облысының білім басқармасы басшысы Г.Қожахметова, Сәтбаев қалалық білім бөлімінің басшысы Б.Ақышбеков құттықтап, жоба аясында жеңіске жеткендерді марапаттады.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Елбасы медалі» республикалық деңгейдегі ауқымды жоба. Еліміздің түкпір-түкпірінен 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алатын жоба 6 ай мен 18 ай аралығындағы уақытты қамтиды. Бақ сынаушылар «Спорт және дене шынықтыру», «Кітап оқу», «Дарын мен дағды», «Ұлттық мұра», «Еріктілік», «Туристік саяхаттар» және «Еңбек тәжірибесі» деп аталған 7 бағыт аясында шеберлік сынақтарынан өткен. Жобаның мақсаты қатысушылар денсаулығына көбірек көңіл бөліп, кітап оқып, интеллектуалды және шығармашылық тұрғыда дамыса деген ниеттен туған. Айта кетейік, жобаға Қарағанды облысынан 219 оқушы қатысып, 134-і жеңімпаз атанған. Оның 13-і кенді шаһардан.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.