«Жеңіс» саябағы жаңғыртылуда

Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов өзінің ел алдындағы есебінде қаланың шеткері аймақтарын жаңғырту бойынша биыл біраз жобалар жүзеге асырылатынын айтқан еді. Соның бірі – көпшілік жиналатын жер болса да көркі кетіп тұрған «Жеңіс» саябағы. Осы демалыс аймағын заманауи тұрғыда жаңғырту жұмыстарының биыл басталатынын да жеткізген болатын әкім сол жолы. Міне, сол іс басталып кетті.

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері саябақтың сәні кетіп, қаланың сәулетіне кері әсерін тигізіп тұрған еді. Ағаштары қураған, қоршауы сынған, көпшілік серуендейтін, демалып отыратын оңтайлы орындары жоқ болатын саябақтың. Кешегі «көненің көзі» демесеңіз, демалыс бағы деуге келмейтін еді. Сондықтан да саябақты сәулеттендіру ісі бұған дейін бірнеше рет қаралды. Тіпті, жеке кәсіпкердің күтіміне беру мәселесі де қозғалған еді. Алайда, «мен алып, оңдайын» дейтін іскер адам жұлқынып шыға қоймады.
«Сабақты ине – сәтімен» демей ме атам қазақ. Саябақты жөндеудің де сәті биыл түсті. Қомақты қаржы қаралып отыр. «Бақты заманауи демалыс орнына айналдыру үшін 215 миллион теңге бөлінбек. Оның жартысы жергілікті бюджеттің еншісінде», дейді қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Нұржан Кенжеғұлов.

– Жобалық-сметалық құжаттамада сая­бақтағы монумент пен арканы қалпына келтіру, бақылау-өткізу пунктін, қоғамдық дәретхана мен субұрқақ салу, саябақ аумағын жарықтандыру, бейнебақылау жүйесін орнату, саябақты заманауи үлгіде қоршау, абаттандыру сияқты ауқымды жұмыстар қарастырылған.

Ең бастысы, жаңа саябақ қала тұрғындарының демалуларына, серуендеп, тынығуларына қолайлы болып жасалмақ. Мұнда спорттық және балалар ойын алаңы жабдықталып, жүгіруге және велосипед тебуге арналған арнайы жолақтар салынады.
Саябақ аумағы жасыл желекпен, көгал шөптерімен көмкерілетін болады. Ал, көкжелектер автоматты суару жүйесі арқылы суландырылады. Сондай-ақ, заманауи қоқыс жәшіктері, орындықтар орнатылады.

Жоба бойынша саябақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналуы тиіс. Сол үшін қазіргі уақытта аумақты жоспарлау және қураған ағаштарды кесу жұмыстары жүргізілуде. Олардың орнына биіктігі 2-3 метр болатын 700-ден астам өсірілген, отырғызуға дайын 128 дана қарағай, 101 дана қайың, 287 дана терек, 235 дана шырша ағаштары отырғызылады. Жаңғырған «Жеңіс» саябағы қала тұрғындары мен қонақтары жиі келетін орынға айналады, – дейді бөлім басшысы.

Орайы келгенде айта кетейік, «Жеңіс» саябағын жаңғырту жұмысымен «Ақмешіт-Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Жұмыс наурыз айында басталып, тамыз айында аяқталуы тиіс. Қазір осыған күш салынып жатыр. Ал, жұмыс аяқталған соң саябақ толықтай Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының қарауына берілетін болады.

Ізтай Белгібайұлы.
Суретте: жаңа кейіптегі «Жеңіс» саябағының кескіні.

Комментарии закрыты.