Мереке қызықтары

Ата Заңымыздың күніне арналған қоғамдық-саяси іс-шаралар тамыздың 30 күні Кеншілер алаңында «Қазақстан Республикасының Конституциясы – әрбір қазақстандықтың құқығы мен еркіндігінің кепілі» атты кең көлемді акцияға жалғасты. «Жас Ұлан» ББЖҰ үгіт-насихат тобының қатысуымен ашылған салтанатта қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева қала тұрғындарын мемлекеттік мерекемен құттықтады.

Қаламызда Конституция күніне орай кәмелет жасқа толғандарға салтанатты түрде жеке куәлік тапсыру дәстүрге айналған. Осы рәсімді М.Мәдиева жүргізіп, бір топ азаматқа басты құжаттары мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Жастарды жұмыспен қамтуда және еңбек тәжірибесін беруде «Жасыл Ел» бағдарламасының алар орны ерекше. Елбасының бастамасымен 2005 жылы құрылған «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарында биылғы жазда 150 жасақшы жұмыс істеді. «Жасыл Елдің» жаз бойғы еңбектерін қорыта келе, ішкі саясат бөлімінің бастығы К.Сағындықова қаланы абаттандыру мен көріктендіруде белсенділік танытқан бір топ жасылелдіктерге алғысын айтып, марапаттады.

Акция соңы «Гүлдене бер, байтақ елім» тақырыбындағы концерттік бағдарламаға ұласты. Кешке дейін жалғасқан спорттық шараларда қаланың жастарымен қатар, ересектер де белсенділік танытты. Кеншілер алаңында каратэ-до кекушинкайдан ашық турнир өтіп, оған Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Қарсақбай, Жезқазған кенттерінен келген 80-ге жуық бала қатысты. Спорттық-сауықтыру кешенінде қала тұрғындары арасында шахмат, дойбыдан қалалық турнир өткізіліп, оған Иван Шипулин төрелік етті. Қорытындысында І орынды – С.Нысанбаев, ІІ – орынды – В.Савченко және ІІІ орынды – А.Артем иеленді. Барлық жарыстарда озық шыққандар ұйымдастырушылар атынан дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болды.

Сонымен қатар, бюджеттік ұйымдар арасында шағын футболдан жарыс өтті. Онда қалалық әкімдіктің, ішкі істер бөлімі, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі, өрт сөндіру бөлімі мен Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі Департаменті және 6505 әскери бөлімі 10 атқыштар ротасы мен тағы басқа бюджеттік мекемелердің қызметкерлерінен құралған командалар бақ сынасты. Жарыстың қорытындысында жүлделі орындарды жеңіп алған командалар Кубокпен, бағалы сыйлықтармен және «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы» секілді номинациялар бойынша марапатталды.

Бір апта бұрын бастау алған мерекелік бағдарлама кешке Кеншілер алаңында үрмелі аспаптар оркестрінің концертімен және патриоттық әндер орындаушыларының байқауымен аяқталды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.