Қала тарихынан

Сәтбаев қаласы – Қазақстанның бай да терең тарихы бар жас қалаларының бірі.

Қаланың өткені Жезқазған-Қарсақбай-Ұлытау іспеттес ұлан-ғайыр өнеркәсіптік аймақтың тарихымен тығыз байланысты.

Қазақ даласында осындай мыс алыбының дүниеге келуіне қаламызға есімі берілген Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жүргізген кең ауқымды геологиялық-барлау жұмыстары бастау болды.

«Атбасартүстімет» тресінің бас геологы және геологиялық-барлау бөлімінің бастығы болып тағайындалған Қ.И.Сәтбаев бүкіл әлемге осы аймақта мыс кенінің аса ірі шоғырлары бар екендігін дәлелдеп берді.

Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің 1935 жылғы 19 маусымдағы қаулысымен Жезқазған шахталарының маңында орналасқан елді мекенге жұмыскерлер поселкесінің мәртебесі беріліп, ол Жезқазған поселкесі деп аталды.

1940-1950 жылдардың басында Комсомольский, Весовая, Крестовский кенттері салынды.

Ұлы Отан соғысы жылдары Жезқазған кенішінің алдында кен өндіруді екі есеге арттыру міндеті қойылды. №1, 13, 7, 26, 34 ескі шахталарды қалпына келтіру және №31-32, «Покро», «Петроцентр» жаңа шахталары құрылысының аяқталуы, екі карьердің іске қосылуы, сондай-ақ кен өндірудің жаңа технологияларын қолданудың арқасында мемлекеттік жоспарлар табысты және асыра орындалып отырды.

1943 жылдың сәуірінде Жезқазған мыс комбинаты құрылып, оған негізгі және көмекші өндірістердің барлық кешендері кірді.

Соғыс жылдарында пайдалы кен орындарының жаңа көздерін барлаудағы көрнекті табыстар В.И.Штифанов басқарған геологиялық барлаушылардың қажырлы еңбегінің нәтижесі болды. Сол алапат жылдары Штифановпен қатар еңбек вахтасын партияның бас инженері С.Сейфуллин, бұрғылау жұмыстарының меңгеушісі Т.А.Зверинцев, барлау топтарының бастықтары В.К.Бремин, П.В.Прокопьев, А.В.Фесенко, бұрғылау шеберлері Байсалбаев, Зачиняев, Темірбаев, Сейілов және басқалар абыроймен атқарды.

1947 жылы Анненск және Карпинск карьерлеріндегі кен орындарын игеру басталды. 1948 жылы №31 шахта, Никольский және Беловский карьерлері қатарға қосылды. 1949 жылы №32 шахта, 1951 жылы №42, 47, 43-бис шахталары, 1952-53 жылдары №42, 44, «Покро», 45, 45-бис шахталары пайдалануға берілді.

Жаңа шахталардың салынуы Жезқазған поселкесінің тез өсуіне әсерін тигізді. Алғашқы тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар кен өндіру игеріле бастауымен қатар салынды. Тұрғын үйлердің жетіспеушілігі анық байқалды. Осыған байланысты 50-жылдардың басында комбинаттың жұмыскерлері үшін негізгі тұрғын үй кешенін құру үшін жаңа Никольский поселкесін салу туралы шешім қабылданды.

Оның құрылысы 1954 жылы Рудник және Кеңгірдің ортасындағы бос жердегі кеңістікте солтүстік-шығысқа қарай 7 км жерде салына бастады.

1962 жылы поселкеде үй құрылысы комбинаты пайдалануға берілді.

1973 жылдың 24 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Жезқазған қалалық Кеңесінің Никольский поселкесі облыстық бағыныстағы Никольский қаласы болып қайта құрылды.

1974 жылғы 15 қаңтарда І қалалық партия конференциясы өтті. Қазақстан КП қалалық комитетінің бірінші хатшысы болып Николай Гаврилович Шустов, екінші хатшысы болып Мұзараф Аханұлы Аханов, хатшы болып Людмила Михайловна Калюпа сайланды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1990 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысымен Жезқазған облысының Никольский қаласы Сәтбаев қаласы болып аталды.

Қала құрылған жылдары жұмысшылар поселкесі Никольскийде небәрі 17 мың тұрғын болса, қазір қалада 70 мыңнан астам адам өмір сүріп жатыр.

Комментарии закрыты.