Жадымда қалды жатталып

Мен онда Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Жезқазғандағы меншікті тілшісімін. Ұмытпасам, 1969 жылы наурыздың соңына таман редакциядан телефон соғып, Қаныш Сәтбаевтың 70 жылдығына байланысты Жезқазғаннан бір бет материалдар топтамасы берілетіндігі, жоспардың шұғылдығы туралы хабарлады.

– Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың барлық саналы ғұмыры Жезқазғанмен байланысты. Сондықтан редколлегия Сәтбаевқа арналған арнайы бетті басқа жақтан емес, тура Жезқазғаннан ұйымдастыруды ұйғарып отыр. Тапсырма тығыз. Материалдар топтамасын 6 көкектен қалдырмай жеткіз, – дейді «Орталық Қазақстанның» сол кездегі еңбекші хаттары және тілшілер бөлімінің меңгерушісі Тоқан Әбуғалиев.

Меншікті тілшілік қызметті атқарғаныма бір жылдай болған. Бейнелеп айтқанда, «Оң мен солымды танып қалған» кезім. Тапсырма жедел болған соң шұғыл іске кірісу керек. Неден бастасам екен? Әрине, жұмысты Жезқазған комплексті геологиялық кен барлау экспедициясынан бастау керек. Бұл экспедицияның бастығы Василий Иванович Штифанов Қанекеңнің шәкірті екенін сырттай білемін. Ол кісінің естелігі арнайы беттің өзегі болуға тиіс. Беттің негізгі тақырыбы Сәтбаев және Жезқазған болғандықтан, қаланың бір басшысының да сөйлеуі керек. Бүгінгі геологтар өмірінен репортаж немесе суреттеме жазылса, ол да артық емес. Міне, осылай арнайы беттің «қаңқасы» туралы жоспар жасап алдым да іске кірісіп кеттім…

Арнайы беттің барлық материалдарының қалай әзірленгенін тәптіштеп айтудың қажеті жоқ. Алайда, Василий Иванович Штифановтың естелігін ұйымдастырудың әжептәуір қиындық туғызғанын мен күні бүгінге дейін ұмытпаймын. Қиындығы – сол сұхбаттасатын адамым маған көпке дейін «ұстатпай» қойды. Кеңсесіне күнде барамын. Ондағылар: «Штифанов бүгін далаға кетті» десе, ертеңіне «қалаға кетті» дейді. Василий Иванович орнында сирек отыратын кісі екен. Көпке дейін кездесудің сәті түспей қойды. Ал, арнайы беттің материалдар топтамасының негізгісі – оның естелігі екенін әлгінде айттым. Уақыт болса өтіп барады. Мен шыңдап сасайын дедім.

Ол кезде қаладағы көп кеңселердің ішінде менің еркіндеу кіретінім – қалалақ атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Ошақбай Асылбековтың кабинеті. Негізгі мамандығы журналист болған соң, Ошекең басқаларға қарағанда маған жылыұшырап тұрады. Журналист деген жетім бала сияқты ғой. Маңдайынан кім жұмсақтау сипаса, соған үйірсек. Мен соның бірімін. Ошекеңе келіп, мән-жайды айтып ем:

– Бала, жұмысыңның сәті түседі екен. Ертең осында атқару комитетінің мәжілісі болады. Штифанов соған міндетті түрде келеді. Сонда сені ол кісімен жолықтырайын. Бұрын танымасаң, таныстырайын. Қаныш десе ішкен асын жерге қояды, аңқылдаған адам, – деді Ошекең менің қобалжуымды сейілтіп.

Айтқандай-ақ, атқару комитетінің мәжілісінен кейін Ошекең мені Штифановпен жолықтырды. Әдеттегісінше көп отырыстан мезі болып, асығыс-үсігіс кетейін деп жатқанда Ошекең Штифановты тоқтатып:

– Василий Иванович, сәл тоқтай тұрыңызшы. Мына бір жігіттің сізде шаруасы бар екен. Анау-мынау шаруа емес, Қанекең туралы әңгімелескісі келеді, – деп Ошекең төтесінен кетті.

Басқа шаруа болса қарайламайтындай көрінген Василий Ивановичтің кескін-келбеті Қанекеңнің аты аталғанда өзгеріп сала берді. Мен қысқаша сөздерімде Қаныш Сәтбаевтың 70 жылдығына байланысты «Орталық Қазақстан» арнайы бет бергелі отырғанын, оны орындау меншікті тілші ретінде маған жүктелгенін, сол беттің негізгі өзекті материалы оның естелігі екенін тәптіштеп айттым. Кезегі келіп тұрғанда айта кетейін, ол маған бағзы біреулер сияқты «Ертең кеңсеме кел» дейтін шығар деген пендешілік ой болды менде. Жоқ, ол әлгінде Қанекең есімі аталған кездегі толғанысын енді лебізімен білдіріп:

– Мен дайынмын. Қай жерде әңгімелесеміз, – деді табан астында.

– Осы жерде әңгімелесе беріңіздер. Кабинет сіздердің ғұзырыңызда, – деп, Ошекең тысқа шығып кетті.

Мұндай сәтті кезең болмас.

Анда-санда сұрақ беріп, ол айтып, мен тыңдап әрі жазып отырып біраз уақытты өткіздік. Бұған дейін маған беймәлім өмірдің, тарихи да қызықты оқиғаның қайнарына сүңгіген сайын жаным кіріп барады. Алдымда отырған кең маңдайлы, қызыл күрең жүзді, алпамсадай кісі асықпаса екен деймін. Жоқ, ол асығатын емес. Айтқан сайын жігерлене түсіп, көсіліп бара жатыр.

– Ұлы адаммен, өзімнің ұлағатты ұстазыммен алғаш кездесуім 1935 жылы болатын, – деп жалғастырды ол әңгімесін. Онда қазақтың кен-металлургия институтында үшінші курста оқып жүрген кезім. Мені өндірістік практикаға Қарсақбайдағы Жезқазған геологиялық барлау конторына жіберді. Шынын айтсам, Қазақстанның қиыр шетіндегі осы бір құлазыған аймағына келгеніме қуанғаным да жоқ. Өйткені, алдымнан Қаныш Имантайұлы секілді үлкен жүректі, жылы жүзді адам қарсы алар деген ой үш ұйықтасам, түсіме де кірген жоқ.

Мен қателескен екенмін. Барлау конторының табалдырығын аттаған мені қарапайым жазу столында отырып, қолындағы кен кесегіне үңіле көз салған толқынды бұйра шашты, келбетті, жүзінде жайдарлықтың сөнбес табы бар қазақ кісі жылы қарсы алды. Менің жүдеубас тұлғама жіті қарап шықты. Сол бір сүреңсіз кездегі студенттік өмірдің ащы-тұщысын өз басынан өткерген Қанекең менің жадау жүзіме ойлы көзін қадап көп тұрды.

Мені ол өзіне бірден баурап алды. Хал-жағдайымды нақ бір жақынымдай-ақ тәптіштеп сұрап жатыр. Мен бұрын-соңды мұндай орыс тілін таза, өз нақышында сөйлейтін қазақты кездестірмеп едім. Міне, сол алғашқы кездесуден бастап-ақ ол маған жақын ағамдай сезілді. Жанашырым болды, алғашқы күннің ертеңінде Қанекең сол уақыттағы кен барлау бөлімінің қаржыға тапшылығына қарамастан маған күзгі киімдер алып киюіме көмектесті. Сол күнгі жауыннан жаурап тұрған менің иығыма өзінің мол пиджағын жапты. Інісіндей қамқорлығына алды.

Осылай бастап, одан әрі ұстаз бен шәкірттің сыйластығын, геолог әріптес адамдардың жұмыс бабындағы қызметін, ағалы-інілі ретіндегі отбасылық қарым-қатынасын – бәрін Василий Иванович ерекше бір махаббат сезіммен айтып берді.

«Көз алдымда бейнесі» деп аталған бұл естелік арнайы беттің өзегі болды. Кейін ол Қаныш Имантайұлы туралы естеліктер жинағында ешқандай өзгеріссіз бірнеше рет жарияланды.

Әңгіменің арқауы болып отырған 1969 жылы 10 көкекте «Орталық Қазақстанда» жарияланған арнайы бетте аталған естеліктен басқа сол кездегі Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Кәкімбек Салықовтың «Үлкен жүректі адам», менің геолог барлаушылар туралы «Дала достары» атты суреттемем жарық көрді. Бет біршама сәтті шықты. Олай дейтінім, осы арнайы беттегі материалдар Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың көп томдық шығармалар жинағының библиографиясына енді.

Орайы келгенде айта кетсе артықтығы жоқ, мен Қаныш Имантайұлын көзі тірісінде көргенмін. Сұхбаттастым деп өтірік айтарым жоқ, сәлемдескен сәттерім болды. Жадымда жатталып қалған бір оқиға – оны жерлеуге қатысуым. 1964 жылдың 3 ақпанында біз – ҚазГУ-дің журналистика факультетінде сырттай оқушы үш студент – Сапабек Абайділденов, Сейтбаттал Кенебаев және мен – үшеуіміз поездан түскен бетте университетке келсек, жұрттың бәрі опера және балет театрына ағылып жатыр. Қанекеңмен қоштасуға жиналғандардың легінде шет жоқ десе болады. Опера және балет театрына бару үшін біз жасөспірімдер театрынан кезекке тұрдық.

Қаралы музыка ойнап тұр. Маңдайы кереқарыс абзал ағамыз сәл ұйықтап кеткен адам сияқты бұйра шаштары толқынданып, маңғаз жатыр. Табыт жанынан өткенше көз жасымызды тыя алсақшы. Қаралы қарауылда тұрған жезқазғандық жерлестерімізді көргенде одан сайын егіліп кеттік.

Қанекеңді Ташкент көшесінің бойындағы қорымға жерледі. Халық опера театрынан сол қорымға дейін жаяу жүріп барды. Көппен бірге біз де Қанекең қабырына бір уыс топырақ салдық. Кейін ғұлама ғалымға мінажат етуге тағы бір барғанда аңғарғаным – Қанекеңнің бойшаң ескерткіші Мұхтар Әуезовтың, Күләш Байсейітованың мүсіндерімен қатар тұр. «Ұлылар қашанда бірге болады екен-ау» дейсің іштей. Бұл сурет жадымда жатталып қалды.

Көбейсін Еңсебаев, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі.

Комментарии закрыты.