Заман талабына сай әскери міндет

Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1992 жылы құрылған еліміздің Қарулы күштері бүгінде айбынды күшке айналды. Жиырма жыл – жас мемлекеттің толыққанды әскерін құру үшін ұзақ мерзім емес. Осы жылдар ішінде Бас қолбасшының дана саясатының, халықтың өз еркіндігі мен тәуелсіздігін нығайта түсуге деген ниетінің арқасында елімізде тұрақты әскер қалыптасты. Егемен елімізбен бірге өсіп, заман талабына сай жаңғырған Қарулы күштердің қатарында әскери міндетін атқару әрбір қазақ азаматы үшін қасиетті әрі құметті міндеттердің бірі болып табылады.

Еліміздің Қарулы күштерінің құрылғанына 20-ақ жыл болса да, көп мүмкіншілікке қол жетті. Әсіресе, соңғы жылдары келісімшарт арқылы әскери борышын өтеу жолға қойылып келеді. Бұл әскери қызметтің түрі елімізде енді-енді қанат жаюда. Ел тұтастығы мен бірлігі жолында, Отанды қорғау мақсатында сәтбаевтықтарды әскери міндеттерін келісімшарт арқылы өтеуге шақыра отырып, ақпарат бере кеткенді жөн көрдік. Қазақстан Республикасының «Қарулы күштері туралы» заңнамасына сәйкес, келісімшарт арқылы әскери қызмет өткеру төмендегідей жүзеге асырылады.

Әскери қызмет өткеру туралы келісімшартты Қазақстан Республикасының азаматы Қарулы күштердің, басқа да әскерилер мен әскери құрылымдардың уәкілетті адамымен жасасады.

Келісімшарт ерікті түрде еліміздің заңнамасына сәйкес, екі тараптың арасында жазбаша түрде жүзеге асырылады.

Әскери қызмет өткеру туралы келісімшартта азаматтың әскери қызметке кіруінің еріктілігі, азаматтың әскери қызметті өткеруге міндеттенген мерзімі мен келісімшарттың басқа да талаптары бекітіледі. Келісімшарттың талаптары азаматтың келісімшартта белгіленген мерзім ішінде Қарулы күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда міндетін өтеуді қамтиды. Оның талаптарында заңнамада белгіленген жеңілдіктер, кепілдіктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, азаматтың өз құқықтары мен өзінің отбасы мүшелері құқықтарының сақталу құқығы көрсетіледі. Жоғарғы білімі бар және алты ай қызмет өткерген мерзімді қызметтің әскери қызметшілері Әскери қызмет өткеру ережелерінде айқындалған тәртіппен келісімшарт бойынша қызметке кіруге құқылы. Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін адамдарға қойылатын талаптар: міндетін өтеушіде Қазақстан Республикасының азаматтығының болуы, курсанттарды қоспағанда, он тоғыз жастан кіші және әскери атағына байланысты әскери қызметте болудың осы Заңмен белгіленген шекті жасынан үлкен болмауы тиіс.

Келісімшарт бойынша әскери қызметке сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған, дәрігерлік комиссияның қорытындысына сәйкес, әскери қызмет міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін науқасы бар, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектеулерді өзіне қабылдаудан бас тартқан, қызметке кірер уақытта заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған сотталғандығы бар не өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалған, қызметке кірерден 2 жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған, бір жыл ішінде қасақана бұзақылық үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған, үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған, егер босатылғанына бір жыл толмаса, мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған азаматтар қабылданбайды.

Міндетін өтеуші адамға қатысты арнайы тескеріс толығымен жүргізіледі. Азаматтардың белгіленген талаптарға сәйкестігін айқындау үшін әскери-дәрігерлік сараптама ережелеріне сәйкес, медициналық куәландыру жүзеге асырылады және әскери қызметке сай келетін, жарамды деп танылған адам қабылданады.

Келісімшарт бойынша әскери қызметке өткеру үшін азаматтардың әскери оқу орындарына түсуі, оқу орындарында оқитын азаматтармен әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасу міндет. Келісімшарт – мерзімінің өтуі бойынша, әскери қызметшінің мерзімінен бұрын босатылуына байланысты немесе әскери қызметшінің әскери қызмет өткеру туралы басқа келісімшартты жасасқан күннен бастап, Қазақстан Республикасының заңнамасында көрсетілген өзге де жағдайларда тоқтатылады.

Қорыта айтқанда, қазіргі күні әскери қызметті келісімшарт арқылы өтеу әскери міндеттің басты бағыты болып отыр. Біздің айбынды әскеріміз жауынгердің ерік-жігері мен психологиялық төзімділігіне үлкен талап қойып отыр. Міндетін өтеуге келген азамат әскери техникаларды, оның ішінде өте күрделі әскери машиналарды, ракета комплкестері мен радио электрондық жүйелерді, атомдық сүңгуір қайықтары мен дыбыстан жылдам ұшатын әуе келемелерін шебер меңгере білуі керек. Біздің елдің әскери күшіне осы әскери мамандықтың қыр-сырын жетік меңгерген мамандар қажет.

Әскери тәртіпті білу, оны орындауға әзір тұру, өзіңнің жеке басыңды қалыптастыру мен әскери қызметке дайындалу – басты талап.

Дәурен Сәрсенбаев, Сәтбаев қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің әскери келісім шарт бойынша жинақтау және шақыру бөлімшесінің бастығы.

Комментарии закрыты.