Басты байлыққа бағытталды

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев жыл сайын өз Жолдауында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше назар аударады. Осыған орай, 1999 жылдан бастап қыркүйек айында республиканың барлық аймақтарында Денсаулық мерекесі болып табылатын «Денсаулық фестивалі» өткізіледі.

«Денсаулық фестивалі» – салауатты өмір салты принциптерін халық арасында таратуға бағытталған, жыл сайын өткізілетін республикалық акция. Оның негізгі идеясы – мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласындағы мамандардың, кәсіпкерлер және де барлық тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруына күш салу болып табылады. Биылғы жылы бұл фестиваль «Мен, сен, ол – салауатты ел» атты ұранмен өтті.

Өткен сенбіде ұйымдастырылған акцияға қалалық әкімдіктің өкілдері, мекеме басшылары, емдеу орындарының, мәдениет, білім, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің қызметкерлері, мектеп оқушылары мен колледж студенттері, сондай-ақ белсенді өмірлік ұстанымын ұстанған, қызығушылығы бар азаматтар қатысты.

Іс-шарада қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай барша қатысушыларды «Денсаулық фестивалімен» құттықтай отырып, «Салауатты өмір салтын ұстану және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау – әрбір қазақстандықтың өмірінде басты құндылықтардың біріне айналуы тиіс екендігін» атап өтті.

Одан әрі қаламыздың жас спортшысы, облыс чемпионы, №16 орта мектептің оқушысы Абылай Бесенбаев сөз сөйлеп, жиналған қауымды спортпен белсенді шұғылдануға, өз денсаулықтарын сақтауға шақырды.

Мереке аясында қала тұрғындарына медицина қызметкерлері ақпараттық-білімдік парақшалар таратты. Олардың ішінде, «Өз қан қысымыңды біл», «Балалардың бронхдемікпесі», «Алкогольдің ағзаға тигізетін әсері», «Сүт бездерін өздігіңнен тексер» секілді салауатты өмір салты аспектілері жөніндегі ақпараттық материалдар қамтылған.

Фестивальда «Денсаулық қалашығы» жұмыс істеп, онда Ахметов, Қожахметов және Лекерова отбасылық денсаулық орталықтарының, қалалық туберкулезге қарсы диспансердің және Жезқазған қалалық ЖИТС орталығының мамандары халыққа қызмет көрсетті. Олар әрбір азаматтың салмағын, бойы мен қан қысымын өлшеп, денсаулығына қатысты қажетті кеңестер беріп отырды.

Сонымен қатар, Кеншілер алаңында балалардың туындыларынан сурет көрмесі ұйымдастырылды. Ал, Комаров көшесінің бойында «Денсаулық эстафетасы» өткізіліп, қала мектептерінің спортшылары жеңіл атлетикадан бақ сынасты.

Мәдени-сауықтыру спорт орталығы ұйымдастырған «Мама, папа, мен – спортты отбасы» атты эстафетаға 5 отбасы қатысып, «картоп жинау», «допты алып жүру» сияқты ойындардан жарысқа түсті. Сайыс қорытындысында жеңімпаздар грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Кеншілер алаңында өткен денсаулық мерекесі жергілікті өнерпаздардың күшімен қойылған концерттік бағдарламамен жалғасты.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.