Қатты қарқын байқалмады

Абаттандыру мен тазалықтың күзгі екіайлығы экологиялық сенбіліктен басталды Сәтбаев қаласы бойынша МСЭҚБ бас маманы Гаухар Жалмурзинадан алған мәліметтерге сүйенсек, бұл сенбілікке 349 ұжымнан 8520 адам, 40 техника шығарылған. Осы күштің көмегімен 2 қоқыс орны тазартылып, 500 шаршы метр жол тегістелді. Сонымен қатар, 40 дана жол бойындағы электр жарығы бағандарының негізі әктеліп, бір үйдің сыртқы беті жөнделді.

Балабақшалар, мектеп, емхана қоршаулары әктеліп, жөнделді.

Қай сенбілік болсын басты салмақ «Тазалық – 2020» АҚ түседі. Бұл жолы да ұжым жұмыскерлерінің жұмылуымен 1700 ағаштың қураған, сынған бұтақтары кесіліп, қалыпқа келтірілді.

Электр жүйелері кәсіпорны, жолаушы тасымалдау автокөлік кәсіпорны, №3 байыту фабрикасы, Шығыс Жезқазған, Анненск кеніштері, Оңтүстік Жезқазған кеніші, №67 шахта ұжымдары өз аймақтарын сыпырып шыққаны болмаса, арам шөп жұлу, жол жиектерін әктеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Қысы-жазы өткізіліп жатқан тазалық бейсенбіліктері мен сенбіліктерінде кәсіпкерлер қауымының қозғала қоймайтыны жұртшылыққа мәлім. Әкім аппаратының апта сайынғы кеңейтілген мәжілістерінде де бұл мәселе аз көтеріліп жүрген жоқ. Өкінішке орай, нәтиже жоқ. Оған бір ғана мысал – Республикалық сенбілікте шағын және орта бизнес өкілдерінің бой көрсетпеуі. Оларға неге сонша еркіндік берілген, бақылаушы-жауапты тұлғалардың сөзінің өтпегендігі ме?!

Қаланы тазалап, көріктендіруде мектептерде сабақтың басталуымен оқушылардың да көп көмегі тиетінін көріп жүрміз. Бұл жолы да ересектерге қарағанда балалардың саны басым болды. Бірақ, оларға нақты тапсырмалар берілмегені білініп тұрды. Бұрынғы бекітілген жерлерін тазалаумен ғана шектелді. Арам шөп қаптаған жерлер сол қалпында қалды десе де болады. Сенбілік барысында санитарлық қадағалау басқармасының қызметкерлері қала тұрғындарымен 18 кездесу, 15 рейд, 12 әңгіме өткізіп, қаланы таза ұстау туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Сенбіліктің қарқыны баяу болса да 810 гектар жер тазартылып, 8 тоннадан артық қоқыс сыртқа шығарылды.

Құрметті қала тұрғындары!

Алдағы 29 қыркүйекте болатын сенбілікте айтылған кемшіліктерге жол бермеуге тырысайық. Әркім үйінің айналасын таза ұстап, аулаға жанашырлықпен қарап, қоқысты шашып-төгіп жүргендермен күресіп отырса, аз да болса септігі тиер еді. Бұл біздің қаламыз ғой!

М.ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.