Ақындар жырын төкті өріп өлең

Сүйікті қаламыздың туған күні жоғары деңгейде тойланып өтті. Осы мерекеге арналған іс-шараның шымылдығы «Кеншілер даңқы» ескерткіші алдында ашылды. Қала әкімдігінің ұйтқы болуымен, «Шындық» шығармашылық тобының ұйымдастыруымен «Сандуғаш сайраған сәнді өлкем» атты әдеби-сазды бір сағат көрермендеріне бір жылдық рухани байлық сыйлады.

Поэзия сағатына қала тұрғындары, қаланың құрметті азаматтары, соғыс және еңбек ардагерлері, мекеме басшылары, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Кешті жүргізген «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Дастанов келешекте ескерткіштің жанында осындай мәдени шаралар өткізу дәстүрге айналатынын, бұл кеншілерге арналған құрметтің бірі екенін жеткізді. Қаламызға танымал әнші қызымыз Д.Ширекбаеваның орындауындағы Ш.Ділдебаевтың сөзіне жазылған Ж.Сейіловтың «Сәтбаев – достықтың қаласы» атты әні бұл шараның мәнін ашып, сәнін келтіре түсті.

Кен өндірісінің ардагері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ақын З.Әбілбекова қаламыздың дамуына қосқан жеке үлесі жайлы естелік айта келе, мерекеге арнауын оқыды. Қаламызға танымал ақындар Д.Сартов, М.Тілеуов, Ғ.Жәнібеков, Ж.Омаров, М.Қожахметов, С.Атабаев ескерткіш алдында кеншілерге арнаған өлеңдерін оқып, жиналғандарды қала күнімен құттықтады.

Қаламыздың бір қанаты, тірегі кеншілер болса, екінші қанаты ұстаздар қауымы екенін әркім мойындайтын шығар. Қай көлемдегі болмасын өтіп жатқан шаралар ұстаздар мен оқушылардың қатысуынсыз болған емес.

Сондықтан да айтулы күнге өлең-жырларын ала келген ұстаздар мен оқушыларға құрметпен сөз кезегі берілді.

Өлеңдерін газет беттерінен жұрт сүйсіне де тамсана оқитын Амангелді Бұхар, Дәуренбек Бұланбаевпен қатар бір топ жас ақын жүректен шыққан туындыларын жүректерге жеткізді. Оларға ұйымдастырушылар атынан естелікке кітаптар тапсыру рәсімін қалалық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесі төрағасының орынбасары С.Омаров жасады.

Поэзия сағатын қорытындылаған қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева «Шындық» шығармашылық тобына алғысын білдірді.

– Сүйікті қаламыздың мерекесі аясында бірінші өтіп отырған шараның осы жерде өткізілуі кеншілерімізге көрсетілген құрмет пен ізет деп ойлаймын. Баршаңызды сәтбаевтықтар үшін тамаша мереке – Қала күнімен құттықтаймын.

Жастар алдыңғы буын ағалардың лайықты ізбасарлары болады, қаланы көркейтуге үлестерін қосады деп сенемін, – деді Марал Сағынайқызы.

Ескерткіш алдында жергілікті әншілер Ж.Омарова мен Д.Садырбекова шырқаған әндер кеншілеріміздің даңқын асырып, қаламыздың атын асқақтатты.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.