Журналист, ақын һәм тәлімгер

Көбағаң – Көбейсін Еңсебаев 70 жасқа толыпты дегенді естігенде уақыт шіркіннің жүйріктігін тағы бір мойындағандай болдық. Ақылшы аға, қаламгер һәм тәлімгер – Көбекеңмен танысып, тағылымды тәрбиесін үйренгеніміз күні кеше ғана сияқты еді. Арада ор қояндай орғып отыз жыл уақыт өте шығыпты. Ол кезде елудің ол жақ, бұл жағындағы аға бүгінде жетпістің айдынына желкен жайып отыр…

Қолы қалт ете қалса «Шарайнаға» соғып, шырайын келтіре әңгіме айтып, ақыл-кеңесін беретін, әр кез ағалық қамқорлығын танытып жүретін әріптесіміздің мерейтойына біз де өзімізше үлес қосқанды жөн көрдік.

– Мен өзім еңбекке жастайымнан араластым. Және сан салалы жұмыстар атқардым. Әуелі Қарсақбай мыс қорыту заводында ұстаханада балғашы, теміржол цехында жолшы, телефон станциясында монтер, металлургия цехында слесарь болып жұмыс істедім. Тіпті, «Конный дворда» арбакеш болып, күл-қоқыс тасыған да кездерім болды. Соның бәрі мені ширатты, шыңдады, қандай қиындыққа болмасын мойымайтын қайсар азамат болып қалыптасуыма ықпал етті. Сол қайсарлығым шығар, еңбектене жүріп қаламды да серік еттім. Аудандық газетке жұмыс тынысы, еңбеккердің маңдай тері туралы мақалалар, өлеңдер жазып тұрдым. Кейін осы журналистиканы өзіме өмірлік мамандық еттім, – деп бастады Көбағаң бізбен әңгімесін…

Көбекеңнің журналистикадағы жолы Ұлытау-Жезқазған өңірінде сайрап жатыр. Алғашқы шығармашылық жолын аудандық «Еңбек жолы» газетінде бастаған ол әр жылдарда әр түрлі деңгейдегі газеттерде қызмет атқарды. Соның ішінде ол өзінің редакцияға алғаш қызметіне алынған күнін жырдай етіп айтып отырады.

– Бірде редакцияның телефоны бұзылып, оны жөндеу үшін байланыс бөлімінің бастығы Хамзе Кенжетаев мені жіберді. Ол кезде газеттің редакторы Әбдуәли Нысанбаев, бөлім меңгерушісі Ишанбек Жауыртаев, жауапты хатшысы Сапабек Мырзатов болатын. Бұл кісілерді сырттай білетінім болмаса, бетпе-бет жүздесіп тұрғаным бірінші рет. Ишекең мені сырттай білетін. Сол кісі Сапекеңе:

– Ана жолы өзіміз сәт-сапар тілеп, өлеңдер топтамасын беретін Көбейсін Еңсебаев деген бала осы, – деп мені таныстырды.

– Жөн екен, – деді Сапекең маған сынай қарап. Сосын:

– Өзің оныншыны бітірдің бе? – деді мені тергеуге алғандай.

– Кешкі мектепті бітіргенмін, – дедім мен.

– Онда сен мына бетті бізге оқып бер. Қалай оқығаныңды байқайық, – деп газеттің жаңа терілген бір бетін менің қолыма ұстатты.

Газет шығару процесінен түк хабарым жоқ мен бетті судыратып оқып шықтым.

– Не, дым қатесі жоқ па екен? – деді Сәкең тағы маған сынай қарап.

Былай қарағанда қате жоқ сияқты. Бірақ, Мырзатовтың мысқылының астында бірдеңе жатқанын ішім сезеді.

– Қаламыңызды беріңізші? – дедім намысқа тырысып. Қолыма қызыл қарындаш тиісімен газет бетіне қайыра шұқшидым. Барымды салып оқи бастадым. Қате де шыға берді, шыға берді. Әп сәтте бет қызыл-жоса болды. Сонда барып Сапабек Мырзатов:

– Мынадан бірдеңе шығады-ей. Давай, ертең сен бізге жұмысқа кел. Сынақтан өттің бала, – деді арқамнан шын мейірлене қағып.

Көбекеңнің журналистикадағы жолы осылайша басталды. Кейін Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде жауапты хатшы, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде меншікті тілші, Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінде редактор, Жезқазған облыстық теле-радио комитетінде бас редактор, Жезқазған облыстық «Жезқазған туы», «Сарыарқа» газеттерінде редактордың орынбасары қызметтерін атқарды.

Отбасы жағдайына байланысты орта мектепті үзіп-үзіп оқып, онжылдықты ақыры кешкі мектепте бітірген Көбекең білімде кеткен есесін де қайтаруға тырысты. 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1981 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірді.

Көбекең зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де қолынан қаламын тастаған жоқ. «Жезқазғантүстімет» ғылыми-өндірістік бірлестігінде баспасөз орталығының бастығы, Жезқазған облыстық әкімдігінде аудармашы, Өмірхан Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Ұлағат» газетінде редактор болып қызметтер атқарды.

1970 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 1993 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы. Бірнеше рет Жезқазған облыстық, Жезді, Ұлытау аудандық, Жезқазған қалалық кеңестерінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бірнеше авторлар жинағында өлеңдері жарияланды. 1995 жылы «Сырымды айтам» атты жеке жинағы жарық көрді. «Жезбұлақ» атты очерктері бір жинақ, әңгімелері мен сықақтары тағы бір жинақ болып баспаға әзір тұр.

Көңілі көлдей Көбағаң қаламы қарымды журналист қана емес, берекелі отбасының тірегі де. Жұбайы, медицина қызметкері Айман Дүйсенбаева жеңгемізбен 4 бала тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғары білімді. Бір ғажабы, балалары ата-анасының жолын қуып, бірі дәрігер бірі медицина қызметкері болып еңбек етуде. Махаббат – тіс дәрігері, Бейбіт – журналист. Өндіріс саласын таңдағандары да бар. Насихаты инженер-металлург болса, Бақытжаны – кен инженері. Өмірінің жалғасындай болған 5 немересі де қуанышы мен қызығына кенелтуде.

– Шешем Шөкен кезінде «Он үш құрсақ көтердім. Біреуі де тұрмады. Сен туғанда есіміңді ырымдап «Көбейсін» қойған едік. Алла жалғыздың тілеуін бере гөр деп жалбарынатынбыз. Шүкір» деп, көзіне жас алатын. Бұл сол, ананың тілегі, Алланың бергені шығар. Қанатым жайылып, өрісім кеңіп жатыр, – деп түйіндеді Көбейсін аға әңгімесін.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.