Қаракеңгірліктердің сыйы

Ертең қала мерекесі деген күні Ұлытау ауданы Қаракеңгір елді мекені мәдениет үйінің қызметкерлері тұрғындарға үлкен сый тарту етті. Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында көрермендердің назарына Т.Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той» атты комедиялық-музыкалық спектаклін ұсынған қаракеңгірліктер көптен өнердің бұл түріне шөліркеп жүргендердің сусынын қандырды. Әдеби-сазды қойылымға жиналған халық залға лық толды.

Кілең бойдақтардан тұратын бір отбасының өміріне құрылған спектакльдегі басты тұлғалар Қырманбайдың ролін Ж.Бижігітов, Гүлбарамның ролін Г.Әжбенова, Элеонораның әжесін Г.Зұлпыхарова шеберлікпен сомдап шықты.

Тағы бір сүйсінерлігі, әртістердің жасы да үлкені спектакльдің басынан аяғына дейін өз сөздерін мүдірмей жатқа айтып тұрды. Таспаға жазып алып, ауыздарын жыбырлатып тұратын әдеттен қаракеңгірліктер аулақ болды.

Бір кездері дүрілдеп тұрған облысқа танымал халық театры, өкінішке орай соңғы жылдары бұл атағынан айрылып қалған еді. Мәдениет үйінің меңгерушісі Гүлжауһар Әжбенованың айтуынша, бүгінде осы атақты қайтарып алуға еңбек етіп жатыр.

– Спектакльдің қоюшы режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Т.Рақышова. Осыған дейін Жезді, Карсақбай, Ұлытауда өнер көрсеттік. Кеншілер қаласының туған күніне деген сыйымыз болсын деп сіздерге келіп қалдық. Сәтбаевтықтарға ризамыз, сарай ішінде бос орын жоқ, құшақ-құшақ гүлдерін беріп жатыр.

Ыстық ықылыстарына рахмет, мерекелеріңіз құтты болсын! Әр үйге амандық, береке тілеймін, – дейді Г.Әжбенова.

Сәтбаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Қанат Төлеш рахметін айтып, бір кәрзеңке гүл мен бір кітап сыйлады.

Сонау жерден келіп, тегінен-тегін қуаныш сыйлап, рухани азық беріп отырған ауыл әртістеріне деген құрметіміз қараған көзге олқылау болып көрінді. Сыртқа шығып бара жатып, бір-екі адамның аузынан да бұл әңгімені естіп қалдық.

Өзімізге келгенде тарылып қалатынымыз – ай…

М.Жаппасбаева.

Комментарии закрыты.