Айтулы күннің айшықтары

1954 жылы Рудник поселкесінен 7 шақырым солтүстік-шығыс жағында орналасқан жерде жаңа Никольский поселкесі салына бастады. 1973 жылдың 25 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Жезқазған қалалық кеңесіне қарасты Никольский поселкесі қала атына ие болды. Ал, 1990 жылы 13 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен Жезқазған облысының Никольский қаласы Сәтбаев қаласы болып аталды. Осыған байланысты жыл сайын дәстүрлі түрде 13 қыркүйек қала күні ретінде тойланып келеді.

Өткен аптада сыртқы келбеті көркейіп, өсіп-өркендеген Сәтбаев қаласы өзінің 39 жылдық мерейтойын ерекше сән-салтанатымен атап өтті. Сәтбаев қаласының туған күні дәстүрлі мерекеге айналғандықтан, бұл күні қала тұрғындары мен қонақ­тарына мерекелік шаралар әзірленіп, қала халқы көптеген игі істердің куәсі болды.

Қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен «Шеберлер қаласы» атты сурет көрмесі мен «Бірге мейірімді отбасы» тақырыбында асфальтта сурет салу фестивалі өткізілді. Бұл байқауларға қала мектептерінің оқушылары өз отбастарымен бірге қатысып, ұйымдастырушылар атынан Алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Кеншілер алаңында ұйымдастырылған негізгі іс-шаралардың бірі – «Биле, қала» атты флеш-моб болды. Сонымен қатар, Комаров көшесінің бойында «Сәтбаев – денсаулық қаласы» атты спорттық эстафета өтті. Желаяқтар жарысының қорытындысында І орынды – жалпы білім беретін №15 орта мектеп, ІІ орынды – №14 орта мектеп, ІІІ орынды – С.Сейфуллин атындағы гимназия иеленді.

Қала күніне орай өткізілген іс-шаралар қатарында «Мерекелі аспан» атты ойын-сауық бағдарламасы ерекше болды. Акция аясында мектеп оқушылары мен ұстаздары көкке батпырауықтар ұшырып, аспанды түрлі-түсті безендіріп тастады. Әсіресе, балалар үшін бұл акция қуанышты әрі қызықты өтті. Ұшырған әр түрлі бейнедегі батпырауықтарды қала тұрғындары да қызықтап, тамашалады. Көк аспанда өздігінен ұшып бара жатқан батпырауықты көру үлкен әсер қалдырары сөзсіз.

Мереке күні орталық алаңда өткен іс-шараларға балалары мен немерелерін ертіп жүрген қала тұрғындары да белсене қатысты.

– Бұл баршамыздың ортақ, сүйікті мерекеміз. Уақыт өткен сайын қаламыз көріктеніп, қай саласы болса да дамып келе жатқанын көріп жүрміз. Жаңа балабақшалар мен мектептер ашылуда, балаларға арналған алаңдар орнатылуда. Осының барлығы тұрғындар үшін жасалып жатқан жақсылықтар. Міне, бүгін де қала күніне орай Кеншілер алаңында әр түрлі қызықты шаралар өтіп жатыр. Немерем екеуміз осыларды тамашалап, қуанышқа бөленіп жүрміз. Барша сәтбаевтықтарды қала күнімен құттықтай отырып, отбастарына амандық, бақыт және қаламыздың болашағы жарқын болу жолында еңбек ете берулеріне тілектеспін, – дейді қала тұрғыны Есенәлі Жансүгіров (суретте).

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.