Ойларын ортаға салды

Тілдер күніне орай қалалық мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімі орталық кітапханада дөңгелек үстел өткізді. Отырыста «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Заңның 21 бабының Сəтбаев қаласында орындалуын зерделеу жұмысының қорытындысы талқыланды.

Дөңгелек үстелді жүргізген мəдениет жəне тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Қанат Төлеш «Деректер мен көрнекі ақпарат тілі» деп аталатын 21 баптың əр жолымен жиналғандарды таныстырып өтті. Соның бір ғана жолын алар болсақ, «Көрнекі ақпараттың барлық мəтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғары жағына, орыс тілінде – оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі əріптермен жазылады. Қажетіне қарай көрнекі ақпараттың мəтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін» делінген.

Мемлекеттік тілді қорлайтын, ұлттық намысыңа тиетін шимай-шатпақ жарнамаларды, маңдайша жазулары мен көрнекі ақпараттарды кез келген жерден кездестіретініміз рас. Бас қосу барысында соның бірнешеуі слайд арқылы көрсетіліп талқыланды.

«Осы кемшіліктерді қалай жою керек, қалай алдын алу керек» деген сауал төңірегінде «Нұр Отан» ХДП Сəтбаев филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дəрібаев, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қ.Бегімова, оқуəдістемелік кабинетінің əдіскері Л.Ибраева, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Н.Наурызбаев өз ойларын ортаға салды.

– Мұндай қателіктер Заң бұзушылық болып саналатындықтан, жауапкершілікке тартылулары керек. Сондықтан, «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп, құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен комиссиялы түрде кіріскен дұрыс – деді Ж.Дəрібаев.

Бұл жерде əкім аппаратының құрылыс жəне сəулет бөлімі де жанашырлық көрсетсе, нысандарды ашуда, жер теліміне рұқсат етерде оның атауының да қалай жазылатынына мəн берсе деген ұсыныстар айтылды.

Дөңгелек үстелге шақырылған жеке кəсіпкерлер арасында өз тараптарынан заң бұзушылықтың болмағанын айтқандар да болды.

Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтудің тағы бір жолы – ана тіліміздегі жарнамаларға жасыл жол ашу болмақ. Ол жолдың таза, анық болып, Заңға қайшы келмеуін қадағалау жауапты мекеменің міндеті.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.