Ақын деп асқақтатты қаламгер деп құрметтеді

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, аймақтық «Мысты өңір» газетінің бас редакторы Амандық Рахұлы алпыстың асқарына шықты. Осы ғұмырының 40 жылында қалам ұстаса, оның отыз жылға жуығы Жезқазғанда өтіпті. Халықтың жоғын жоқтаған, қаламының ұшынан парасатты ой өрістеткен, есімі өңірге ғана емес, облыс, республикаға танымал журналист, ақын Амандық Рахұлының еңбегін елеген жерлестері, Жезқазған қаласының əкімдігі қаламгерге үлкен құрмет көрсетті.

Тілдер мерекесімен тұспатұс келген шығармашылық кеш С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрында өтті.

«Қаламмен өткен қырық жыл» атты салтанатта Жезқазған қаласы əкімінің орынбасары Б.Аханов, Сəтбаев қаласы əкімінің орынбасары А.Ким, Жезқазған қалалық мəслихатының депутаты Б.Алтынбеков, «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» компаниясы жанындағы филиалының аппарат жетекшісі Б.Жақсыбаев, корпорация жанындағы əлеуметтік нысандарды бақылау бөлімінің басшысы Т.Тəжбенов шығып құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етті. Ұлытау ауданы əкімі Ə.Омаровтың атынан құттықтауын жеткізген Жезді кентінің əкімі С.Əбжанов ұлытаулықтар атынан ат мінгізді. Бұл кеште Амандық əріптесіміз көпшілік біле бермейтін қырларынан танылды. Республикалық бас редакторлар клубының мүшесі ретінде Амандық Рахұлын осы клубтың жетекшісі К.Жолдыбаев арнайы келіп құттықтап, Құрмет грамотасын тапсырды. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембай сыйлығымен қоса, Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы С.Матаевтың арнайы дипломын табыс етті.

– «Орталық Қазақстан» газетінің Жезқазған аймағындағы меншікті тілшісі қызметін атқарып жүргенде Амандықтың халық қамын ойлап көтерген өзекті мəселелері мен өткір сындары елеусіз қалған жоқ. Аймақтық қана емес, республикалық баспасөз беттерінде көкейтесті мəселелері нақты дəлелдермен шебер жеткізе білуінің арқасында небір əлеуметтік түйіндердің шешілуіне ықпалы тиді, – деді өз сөзінде Мағауия ағай.

Алғашқы еңбек жолын Жаңаарқа аудандық газетінде тілші болып бастап, «ақын Амандық» атанған жерлестерін Жаңаарқа ауданының мəслихат хатшысы Ж.Дүйсебаев құттықтап, сыйлығын берді.

Кеш иесінің поэзия əлеміне шолу жасап, жүрекжарды өлеңдерін оқыған театр əртістері ақынның албырт шағын еске түсіріп, жанын тебірентті.

Ақын, журналист, білікті басшы Амандық Рахұлының қуанышын, абыройымен жеткен алпысын өңірдің ел ағаларымен қатар қаламдастары, құрдастары бөлісті.

Мерейтойда өткен шақ пен осы шақ жайлы бағалы да қызықты естеліктер айтылып, əн мен жырдан шашу шашылды.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.