Қоғамдық қабылдаудың көмегі бар

Өткен бейсенбіде «Нұр Отан» ХДП Сəтбаев қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындармен кездесу өткізді. Оған Сəтбаев қалалық сотының төрағасы Р.Мұқатаев, ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары А.Каримов, қала прокурорының көмекшісі Қ.Қисап жəне «Нұр Отан» ХДП Сəтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дəрібаев қатысты.

Қабылдауға келген алғашқы азамат Дулат Утебаев, соттың шығарған шешімімен келіспейтіндігін түсіндірді.

– 2006 жылдың тамыз айында «Казкоммерцбанк» АҚ-нан ипотекалық келісім-шартқа сəйкес несие алып, сол несиеге үш бөлмелі пəтер сатып алдым. Несиені алғашқы жылдары уақытылы төлеп отырдық та, кейіннен айлықтың мөлшері аз болғандықтан, ай сайын төлей алмадық. 2011 жылдың көктемінде өзім жұмыстан шығып қалып, несие төленбеді. Биылғы жылдың сəуір айында жұмысқа тұрдым. Сол себепті, мамыр айында банкке қарыз ақшаны айлығымнан ұстауды өтіну үшін сот орындаушыға жолықтым. Ол маған «пəтер сатылып кетті, пəтеріңді алып қалғың келсе, сатып алушымен келіс» деп бірақ қайырды. Пəтерді сауда-саттыққа салуға менің де қатысуға құқығым бар екенін жəне кепілзатын сату өткізілгенге дейін кез келген уақытта қарызды төлеп, оның өткізілуін тоқтатуға хақылы екенін түсіндірмек түгілі, сауда-саттықтың қай күні өтетінінен ешкім мені хабардар еткен жоқ. Сонымен, біздің отбасы баспана етіп отырған жалғыз пəтер сатылып, қаншама адам далада қалды. Аталған пəтерде аяғы ауыр əйелім, кəмелет жасқа толмаған екі балам, ІІ топ мүгедегі апам мен ағам, барлығы 6 адам тұрамыз. Осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, сіздерден осы мəселені оң шешуге көмек көрсетулеріңізді сұраймын, – деп шағымданды Д.Утебаев.

Қалалық соттың төрағасы Руслан Мұқатаев арызданушыны тыңдаған соң, соттың бұл шешімін қайта қарастыруға көмек көрсететіндігін айтып сендірді.

Келесі болып кірген Зина Шайкенова деген азаматша өзінің көші-қон полициясында құжатын рəсімдей алмай жүргенін айтты. Бір жыл бұрын құжатын жоғалтқан ол, енді қалпына келтіргісі келеді. Осы орайда қалалық ІІБ бастығының орынбасары Аманжол Каримов бұл мəселені өз қолына алатындығын жəне жақын арада толықтай шешетіндігін айтты. Осыдан кейін қоғамдық қабылдауға тағы екі азамат келді. Оның бірі Дидар Сүлеймен банктен алған несиесінің пайызымен келіспейтіндігіне тоқталса, екіншісі Нұртай Сердалинов Сəтбаев ауылындағы үйін белгісіз біреулер бұзып алып кеткендігін жəне бұл жөнінде жазған талап-арыздарының біреуіне де жауап алмағандығын тілге тиек етті. Өз кезегінде құқық қорғау органдарының өкілдері осы мəселелердің шешімін табуға септігін тигізетіндерін айтты.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.