Ауқатты ел болудың айқын жолы

Партия төрағасы, Президентіміз Н.Назарбаевтың бағдарламалық құжаттары мен тапсырмаларын жүзеге асыруға «Нұр Отан» ХДП зор үлес қосып келеді. Елбасының Үкіметке, «Нұр Отан» ХДП мен жергілікті билік органдарына берген 20 нақты міндеттеріне орай және Қарағанды облысының әкімі Ә.Құсайыновтың тапсырмасымен Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, қоғам қайраткері, ақын, публицист, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты Жүрсін Ерманов Жезқазған өңіріне келді.

Ресми тұлғаның Сәтбаевтағы кездесуі №3 байыту фабрикасының мәжіліс залында өтті. Топ мүшесімен бірге келген қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева фабрика ұжымын насихатшымен және келу мақсатымен таныстырды. Сөз кезегінде Ж.Ерманов Қазақстанның 20 жылдағы даму жолдарына, жетістіктеріне тоқталды.

– Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласы еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен насихатталуда. Бұл кездесуді «Нұр Отан» ХДП ұйымдастырып отыр. Негізгі қозғаушы күш болып табылатын, қоғамдағы үлесі зор үлкен күшті Елбасымыз Н.Назарбаев басқарып отыр. Халқымызды Тәуелсіздікке жеткізіп, Қазақстанды дербес ел ретінде дүние жүзіне таныстырған – Нұрсұлтан Әбішұлы. Қазір бізді білмейтін ел жоқ. Бейбітшілік, бірлік, татулықтың үлгісін көрсетіп отырмыз. Осының бәрі Елбасының күні-түнгі еңбегінің нәтижесі, кемеңгерлігінің арқасы. Жолдаудан туындайтын бұл мақаласы болашақты бағдарлап, әлеуметтік жаңғыртуға, еңбек етуге, баюға, ауқатты ел болуға жағдай жасаудың жолдары. Елбасы 20 міндет, 5 қағидатында масылдық психологиядан аулақ болуға, еңбек етіп, өз күнін өзі көруге, әрбір азаматты Отанын сүюге, еліне пайдалы болуға, адал еңбекке ынталандырудың жолын табуға шақырады, – деп түсіндірді Жүрсін Молдашұлы.

Үгітші кездесуде тіл, дін, мәдениет, спорт мәселелеріне де кеңінен тоқталды.

– Қазақстанды әлемге танытудың бір жолы – мәдениет пен спорт. Спорттың күшімен небір биік деңгейге жетуге болатынын кешегі Лондонда өткен Олимпиада көрсетті. Елбасының тапсырмасымен республиканың барлық елді-мекендерінде спорт кешендерін салып, бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасалмақ. Ал, сіздерде европалық стандартқа сай керемет кешен бар. Соны дұрыс пайдалану керек. Халықты спортқа жаппай тартып, әсіресе, өз қаракөздеріміздің қатысуын қамтамасыз етсек, болашақта Көк Туымызды көкке көтерер спортшылар шығары сөзсіз, себебі, намыс пен жігер қазақтың қанында бар. Балаларыңызды, немерелеріңізді спортқа баулыңыздар, рушылдықтан, дарақылықтан, арақтан аулақ болайық. Біріңе бірің бауыр деп қараңдар, қазақпен қазақ қазақша сөйлессін. Сонда ғана күндердің күнінде дүние жүзі таң қалатын ел болатынымыз анық, – деп аяқтады сөзін Жүрсін ақын.

Әдебиеттен, тарихтан, өз өмірінен мысал келтіре отырып, ресми де әдемі әңгіме өрбіткен Жүрсін Ермановқа сәтбаевтықтардың атынан Марал Мәдиева, байытушылар атынан фабрика директоры Ардагер Аринов шексіз алғысын жеткізді. Еңбек адамдары танымал ақыннан қолтаңба алып, ескерткішке суретке түсті.

М.Жаппасбаева.

Комментарии закрыты.