Қарсақбайдан басталған жол

Алып мыстың ордасы қарашаңырақ Қарсақбайда туып-өскен жап-жас жігіт әуел баста ұстаздыққа бет бұрамын деп ойламаған еді. Арманы — үлкен қалада оқып, медицина саласының төңірегінде қызмет жасау болатын. Алайда, өзіне білім берген ұстаздар қауымының ықпалымен білім саласына ден қояды. Оның ішінде ұстаздары денешынықтыру пәнінің мұғалімі болуға бағыттайды. Сайранбек Сақыпбекұлы Жакупов бастапқы шешімін өзгертіп, мұғалім мамандығына көңіл қояды. Сөйтіп, небары он жеті жасында 8 сыныптық №2 Қарсақбай мектебінде ұстаздық жолын бастайды.

– Адамның мизам шуақты күндері естен кетпейді ғой. Менің өмірімнің жартысында ақыл беріп, оңды-солды тануыма ұстаздарым көп ықпал жасады. Мектеп қабырғасында жүргенде медицинаға бет бұрсам деп армандайтынмын. Алайда, ағалар ақылымен білім саласына келдім. Алғашқы еңбек жолымды бастаған мектепті өз ісінің білгірі Көшек Топаев деген ағай басқарды. Ол үнемі жастарға қамқорлық танытып жүрді. Жезқазған төңірегіне алғашқы рет алпысыншы жылдардың басында Алматы денешынықтыру институтын бітіріп келген Қази Ербосынов деген ұстазым менің құлшынысымды көріп, «Сайранбек балам, өзің білесің, осы аймақта бірді-екілі мамандар болмаса, денешынықтыру пәнінің нағыз майталмандары аз. Сен бұл мамандыққа деген сұранысты қанағаттандырып, осы мамандықты игерсең қайтеді?» деген сөздері түрткі болып, 1970 жылы Қарағанды денешынықтыру институтына оқуға түстім. Бір айта кетерлігі, ілгеріде Қарағанды облысы бойынша Алматы денешынықтыру институтын екі-ақ адам бітірсе, соның бірі осы Қази Ербосынов. Менің ұстаздық жолымның бастауында осы Қазекең тұр. Институттың дипломын алып, бірден ауылға тарттым. Қарсақбайда басталған ұстаздық жолыма биыл 44 жыл толыпты. Осы қырық төрт жылдың ішінде Жезді ауданының Байқоңыр ауылында, Жездіде, Қарсақбайда ұстаздық еттім. Ұстаздарымның осы мамандыққа бағыт бергеніне мен еш өкінбеймін. Осы жолда жүріп талай шәкірттер тәрбиеледім, құдай қосқан жарымды кездестірдім. Кейін, Сәтбаев қаласына келіп, іргелі білім ордаларының бірі осы №3 орта мектепте 1997 жылдан бері еңбек етіп келемін. Өмір деген дарияның негізі білім болса, сол білімді жас ұрпақтың санасына жеткілікті түрде жеткізе білсек еңбегіміздің ақталғаны, – дейді Сайранбек Сақыпбекұлы.

Ұстаздан шәкірт озбақ керек. Бұл өмір заңы. Ұстаздарының ақылымен ұрпақ тәрбиелеу ісіне саналы ғұмырын арнаған Сайранбек Жакуповтың бұл салада ізін жалғаған шәкірттері көп-ақ. Солардың қатарында Халықаралық кекушинкай каратэ-до жарысының бірнеше мәрте жеңімпазы, спорт шебері, бапкер Нұрбек Сейтмағанбетов, «Қазақмыс- спорттың» футбол маманы, бапкер Мадияр Сакенов және т.б оқушылары аймағымызда ғана емес, облыста, тіпті республика көлемінде еңбек етуде. Қазір Сайранбек ағай баптап, тәрбиелеп, шыңдаған оқушысы Рустам Ахметов «Сәтбаев қасқырлары» хоккей командасында жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген шәкіртінің бірі.

Мен өз басым Сайранбек Сақыпбекұлын танып, білгеннен бері оның шәкірттеріне, әріптестеріне деген жылы шырайлы жүзін көріп, салиқалы әңгімесін естіп келемін. Бізге сабақ бергенде ұстаздық ақылы мен әкелік қамқорлығы, жан ашырлығы бір табан жақын болды. Әке демекші, С.Жакупов құдай қосқан жары Шынар Қаппасқызымен екі ұл тәрбиелеп-өсіріп отырған ардақты жандар. Үлкендері Мұратбек әке жолын жалғастырып, қазір Астанада ұстаздық етуде. Ал, Жасұлан ІІБ бөлімінде қызметте.

Ағай жайлы көп айтып, көп жазуға болады. Әріптестері оны орталарындағы тау тұлғаларындай көріп, кейінгі жастар ақыл-кеңестерін алып жатады.

– Сайранбек Сақыпбекұлы әрдайым ізденіс үстінде жүретін жан. Әрбір оқушыға жеке көңіл бөле отырып, олардың дене жаттығуы арқылы шыныққан, шымыр болып өсулеріне ерекше мән бере қарайды. Қазіргі күні спортқа көңіл ерекше бөлініп жатыр. Мектептегі талапты деген оқушыларды ол әр түрлі сабақтармен шыңдай түсуде. Оның шахмат, дойбы, футбол, баскетбол, волейбол, теннис үйірмелеріне көп балалар қызығушылықпен барады. Баулыған шәкірттері Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісі Төрағасының орынбасары М.Көпей атындағы дәстүрлі шахмат турнирінде бірнеше мәрте жеңісті олжалады. Білім-білігі, өмірде ұстанған өзіндік қағидасы бар Сәкеңнің өмір жолын кейінгілер үлгі тұта жүрсе жаман болмайды, – дейді әріптестері.

Кешегі тоқырау кезеңінде есігіне қара құлып салынып, қаңырап бос тұрған №3 орта мектептің даму жолында көп еңбек етті. Әсіресе, спорттық жабдықтардан жұтаң мектепті әупірімдеп жүріп, алдыңғы қатарға сүйреді. Кейінгі кезде С.Жакупов қазақтың ұлттық ойындарына көп көңіл бөлуде. Асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ, қол күресі сынды ұлттық құндылықтарымыз арқылы жастарды шымыр етіп тәрбиелеуге аса мән береді. Оның үстіне бұл ұлттық ойындарға деген көңіл ерекше. Әр сабағын түрлендіре отырып, ақылымен іс-қимылдың үйлесім табуын әрдайым қадағалап отырады. Жалпы алғанда, Сайранбек Жакупов өз пәнінің білгірі. Мамандығының білгірі болуға себеп болған Қарсақбайдан басталған жол еді. Сол ұстаздық жол оны тәлімгер ұстаз атағына лайық етті.

Ұстаздықтың өзіндік қиыншылығы да бар. Кешкілік жұмыстан шаршап барғанда Сәкең немересі Айғанымды бір құшақтап, сүйіп, шаршағанын басып, ертеңгі сабағына сергек барады. Ол әрқашанда сергек жүруге дағдыланған жан. «Сергектік – өмір мәні» дейді Сайранбек ағай.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.