Жыл соңына дейін жалғасады

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС құрамындағы кәсіпорындар арасында дәстүрлі жаздық «Спартакиада-2021» баскетбол турнирімен ашылды.

Бұқаралық спортты дамыту, жұмысшылар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат еткен турнирге қатысушы 16 команда топтық кездесулерін бастап кетті. Турнир «Namys» спорт клубы базасында ұйымдастырылуда.

«В» тобында Оңтүстік Жез­қазған кеніші және «Жезқазғантүстімет» ӨБ командалары, «С» тобы бойынша Батыс Жезқазған кеніші және Құю механикалық зауыты командалары, «D» тобында Солтүстік Жезқазған кеніші және Шығыс Жезқазған кеніші командалары топтық ойындардың жеңімпазы ретінде жартылай финалдық ойындарға жолдама алды.

– «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жұмыскерлері – спорттық дәстүрге берік жандар. Жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп жатқан спартакиада өндірісші спортшылар арасында жаңа жұлдыздарды жағуға мол мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деп атап өтті «Кәсіп Қорған» салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Жезқазған кәсіподақ филиалының төрағасы Ақыл Төлепбергенов құттықтау сөзінде.

Спартакиада үстел теннисі, кір тасын көтеру, волейбол, армрестлинг, футбол, футзал ойындарын өткізумен жалғасады. Сайысқа қатысушыларды тіркеуді кәсіпорындардағы «Жастар болашақ» және «Кәсіпқорған» кәсіподағы төрағалары қамтамасыз етеді. 6 спорт түрінен өтетін дода жыл соңына дейін жалғасады. Компания басшылығы мен кәсіподақ ұйымы назарындағы бұл спартакиада еңбек ұжымдарына жаңа серпіліс сыйлайтыны анық.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.