Партиялық бақылауда – мемлекеттік бағдарлама

Өткен аптада «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Оған аталмыш комиссия мүшелері И.Бралин, Т.Хмилярчук, Н.Наурызбаев және қала әкімінің орынбасары А.Ким, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша партиялық бақылау бекетінің басшысы А.Төлендина қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.

Алғашқы мәселе «Сәтбаев қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының орындалу барысы туралы» қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастығы Н.Сүттібаева баяндама жасады.

– Қазіргі таңда бұл Бағдарламаның І тетігі бойынша 2 қабатты 8 пәтерлі 10 тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл үйлердің жалпы ауданы – 3 876,3 шаршы метр. Жөндеу жұмыстарының жалпы құны 144 млн. 317 948 теңгені құрайды. Мердігер – Аспандияр Жараспаев. Жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес бұл үйлерде инженерлік жүйелерді ауыстыру, яғни, кәріз, жылу беру, кіреберістегі электр желілерін ауыстыру, қабырғаларды қымтап және керамикалық кірпішпен қаптау, шатырларды металлочерепицаға ауыстыру, терезелерді және сыртқы есіктерді ауыстыру, кіреберістің ішін жөндеу, үйлердің төңірегін абаттандыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді, – деді Назым Сейітқалиқызы.

Одан әрі Сәтбаев қаласында «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру туралы ақпаратты қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Г.Бәкірова берді.

– Сәтбаев қаласының әкімшілігін­де мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу кезегінде 704 азамат тұр. Оларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін 2012 жылдан 2020 жылға дейін әр жыл сайын 4,224 мың ш.м. немесе 38,016 мың ш.м. үй салу қажет. Кезекте тұрғандар үшін жалдамалы тұрғын үй құрылысына 2013 жылдан бастап жыл сайын 383 млн. теңге көлемінде қаражат бөліну жоспарлануда. Ол жылына орташа есеппен 4,8 мың ш.м. тұрғын үй салу мүмкіндігін береді, – деді баяндамашы.

Сонымен қатар, отырыста «Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен қолдану» және «Сәтбаев қаласында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы» туралы мәселелер қаралды. Соған байланысты қала әкімінің орынбасары А.Ким және қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Қ.Ашықбаев хабарлама жасады.

Жиынды қорыта келе, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері әр мәселеге қатысты айтылған ұсыныстар мен пікірлерді назарға ала отырып тиісті шешім қабылдады.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.