Тоғыз айға есеп берді

Жақында қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиеваның төрағалығымен қала халқының денсаулығын қорғау жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Отырыстың күн тәртібінде қала бойынша туберкулез ауруының алдын алу бойынша тоғыз айда атқарылған жұмыстар таразыға тартылды.

Жезқазған аймағы бойынша туберкулезге қарсы диспансерінің бөлім меңгерушісі Марияш Оразбекова баяндама жасады.

– Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 9 айда құрт ауруының былтырғы жылмен салыстырғанда төмендегенін байқаймыз. Есептік көрсеткіш бойынша жүз мың адамға шаққанда былтырғы жылы 74,3 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткіш 64,3 пайызды көрсетіп отыр. Аурудың алдын алу шаралары үнемі жүргізілгенімен оның көбею, таралу себептері байқалуда. Оған басты себеп – халықтың санитарлық тазалық жөніндегі сауатының әлі де болса аздығы және дер кезінде медициналық көмекке жүгінбегендігі. Бұл ауруға шалдыққандардың қатарында «Қазақмыс» корпорациясы «Жезқазғантүстімет» ӨБ қарасты жұмыскерлердің де бары қынжылтып отыр. Иммундық тапшылық әсерінен балалар арасындағы көрсеткіштерді төмендету және сауықтыру мақсатында «Нұр» және «Бөбек» санаторилері жұмыс істейді. Флюорографиялық тексерістен осы тоғыз ай ішінде 31960 ересек адам өтсе, 6300 балаға алдын алу шаралары жүргізілді. Алға қойып отырған міндеттер де қомақты. Халық арасында аурудың алдын алу жұмыстарын күшейте түсу, тізімде тұрған науқастардың уақытылы медициналық тексерістен өтуі мен емнің тәртібін бұзғандарды ІІБ қызметкерлерімен іздестіру шараларын жүзеге асыру міндеттері тұр, – деді баяндамашы.

Қала бойынша құрт ауруына шалдығу қаупі бар және осы ауруға шалдыққан балаларды емдеу бойынша жұмыс жасап келе жатқан «Нұр» және «Бөбек» санаторилерінің бас дәрігерлері Айтмағанбет Ауқашев пен Сәуле Мағзұмова атқарып отырған жұмыстарымен бөлісті.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС қарасты өндіріс орындарындағы жұмыскерлердің медициналық тексерістен өтуі мен жиында көтерілген мәселе төңірегінде тоғыз айда атқарылған жұмыстың нәтижесін дәрігерлік-санитарлық бөлімнің бөлім меңгерушісі Мәрзия Жалғасбаева көпшілік назарына ұсынды.

Отырысты қорытындылаған кеңестің төрайымы М.Мәдиева аурудың алдын алу жұмыстарын күшейтіп, жыл соңына дейін көрсеткіштерді төмендетуді тапсырды. Кеңес жиынының шешімі шығарылып, жауапты мекемелерге тапсырмалар жүктелді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.