Іс жүргізушілер семинары

Сәтбаев қаласы мемлекеттік мұрағатының мамандары жақында қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты мекемелермен өндірістік семинар өткізді. Жаңа ережелерді зерделеу және енгізу, құжаттама жасау мен құжаттаманы басқару секілді тақырыптарды қамтыған семинарға қала мектептерінің іс жүргізу және мұрағат ісіне жауапты қызметкерлері қатысты.

Семинарды Сәтбаев қаласы мемлекеттік мұрағатының директоры А.Төлендина ашып, қатысушыларға мұрағат жұмысының маңыздылығын түсіндірді.

– Бұл семинарда іс номенклатурасын жасау тәртібі, рәсімдеу және құжаттарды жедел түрде сақтау, бұйрықтарды дайындау ерекшеліктері, құжаттың орындалуын бақылау, істерді ұйымның мұрағатына тапсыру сияқты жұмыстар реті түсіндіріледі. Аталған мәселелер бойынша әр мекемедегі іс қағаздарының мамандары сауатты жұмыс істеп, керекті құжаттардың тізімін жасап, уақытында толықтырып отырулары қажет. Қаламызда болған әрбір оқиға, мектеп оқушыларының құжаты, әрбір адамның тағдыры біздің назарымыздан тыс қалмауы тиіс. Себебі, бұл – қала тарихы үшін өте маңызды іс, – деді мұрағат директоры.

Одан әрі құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгілік қағидалары туралы І дәрежелі мұрағатшы М.Маженова баяндама жасады. Ол құжаттама жасау тәртібі, хаттама, акті, анықтаманы дайындау мен рәсімдеу, құжат айналымын ұйымдастыруға қойылатын жалпы талаптар, шығыс құжаттарын өңдеу тәртібі, мөрлерді және бланкілерді есепке алу мен сақтау жөнінде толық ақпарат берді.

Сондай-ақ, семинарда ведомствалық мұрағатқа құжаттарды қабылдау және сақтау тақырыбы бойынша І дәрежелі мұрағатшы Г.Байгазиева мәлімет беріп, істерді қалыптастыру мен сақтау, тізімдеме жасау және құжаттарды жою тәртібіне тоқталды. Жалпы, семинар барысында үлгілік қағидалар тізіміне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайы талқыланып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар берілді. Бұл семинар алдағы уақытта жеке кәсіпкерлер, ЖШС, АҚ т.б. мемлекеттік емес мекемелер мен ұйымдар арасында жалғасын табады.

Марал Ақансеріқызы.

Комментарии закрыты.