Сенбілікке селқос қарамайық

Өткендегі облыстық сенбілік жауын-шашынмен қатар келгендіктен бе қала жұртшылығының абаттандыру және тазалық жұмыстарында бой көрсеткендері аз болды. Оқуды жаңа бастаған мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы өздеріне бекітіліп берген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізді. Ерден көшесі бойында №1 мектеп-гимназиясының оқушылары еңбек етті. Жол жиектерінде өскен арам шөптерді әлдері келгенше жұлып, тазалық жұмыстарына белсене қатысты. Бұл көшеде сондай-ақ, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері мен №3 байыту фабрикасының ұжымы жұмыс істеді.

Сәтбаев қаласы бойынша МСЭҚБ бас маманы Гауһар Жалмурзинаның айтуынша, облыстық сенбілекке 335 мекеме мен кәсіпорын, 8465 адам қатысса, 39 техника жұмылдырылған. Орынсыз төгілген екі қоқыс алаңы тазартылған. Бір ғимараттың қасбеті толығымен әктелген.

– Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы қызметкерлері тұрғындармен 17 әңгіме, 16 рейдтік тексеріс, 18 түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тазалық жұмыстарына кейбір жеке кәсіпкерлік нысандары енжарлық танытып отыр. Олармен де ескертпе жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарына қатысу былай тұрсын, дүкеннен шыққан бос жәшіктерді қоқыс жәшігінің айналасына қалай болса солай шашып тастау, өртеу жиілеп кетті. Бір айта кетерлік жағдай, бос жәшіктерді қоқыс жәшігіне тастарда жұқалап, ыңғайлы пішінге келтірсе дейміз. Өйткені, үлкен жәшіктер қоқыс тиейтін машиналарда орын алады да, қалған қоқыстар сыймай қалады. Сондай-ақ, сенбілікте жиналған қоқыстарды қапшыққа, пакетке салып, жәшіктің айналасына қоюды сұраймыз. Себебі, ауыр тұрмыстық қоқыстарды жүк машиналары тиерде көтере алмай, жиі сынып жатады.

Бұл сенбілікте бой көрсеткендер аз болғанымен, келесі сенбіліктерде барлық ұжымдар мен мекемелер тазалық жұмыстарына белсене атсалысады деп ойлаймыз, – дейді бас маман.

Ортақ үйдің тазалығына бәріміз біркісідей жұмылсақ, қаламыз тазалық жағынан алдыңғы қатардан көрінетініне күмән жоқ.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.