Жаңа қоғамға апарар жол

Елбасы  қазақстан-дықтарға арнаған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «Мен Қазақстандағы әлеуметтік жаңғырту бәрінен бұрын барлық қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға, кедейлердің санын азайтуға және әлеуметтік дүбәралыққа жол бермеуге бағытталуы керек деген сенімдемін» деді. Сонымен бірге, Президент бұл орайда, әрбір қазақстандық өзінен бастауы керек екенін, әркім өзінің үйінен, қаласынан, ауылынан бастауы, өзінің денсаулығы мен өмір сүру салты туралы ойлануы керектігін де айтты.

Еңбекке жарамды әр адам күнделікті уақытының басым бөлігін жұмыс орнында өткізеді. Осы еңбек ұжымында жалпыға ортақ кәсіппен айналысып, қай сала болса да өз үлесін қосып отырады. Ал, осы еңбек адамының қоғамда алып отырған орны қандай? Елбасының жаңа идеяларын жүзеге асыру үшін не істеу керек? Осы сұрақтар төңірегінде біздің Сәтбаев қаласында орналасқан жылумен, сумен қамтамасыз ету кәсіпорнының ұжымы да ойланып, өз ұсыныстарын талқыға салды. Кәсіпорында құрылған «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымы да еңбеккерлерді жұмылдырып, Елбасының ұстанып отырған саясатын халық арасында насихаттап келеді. Қазіргі кезде кәсіпорында 800-ден аса жұмыскерлер мен қызметкерлер еңбек етсе, оның 500-ден астамы «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Біз үшін бұл үлкен күш.

Коммуналдық салада 20 жылдай қызмет атқарып келе жатқан кәсіпорын басшысы Еркін Төлегенұлы Жұмабеков ұжымды бір мақсатқа жұмылдырып, қаланың жылумен, сумен үздіксіз қамтамасыз етілуіне сындарлы басшылық жасап келеді.

Әрине, басшың еңбекқор болып, адал қызметтің үлгісін көрсетіп отырса, ұжым мүшелері де сондай талпыныспен еңбек етеді. Біздің кәсіпорын еңбеккерлері ел Президентінің еңбек адамына деген назарын қабылдай отыра, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы бағытындағы қадамдарды толығымен қолдайды және осы мақсатта аянбай еңбек етіп, Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуына, жаңа қоғам құруға өз үлестерін қоса береді деп сенемін.

Шахарқали Байқасов, Сәтбаев жылумен, сумен қамтамасыз ету кәсіпорнының «Нұр Отан» ХДП-сы бастауыш партия ұйымының төрағасы.

Комментарии закрыты.