Өз ісінің үздіктері

Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорынында өз ісінің шеберлері жетерлік. Үздіктер қатарында көлік және механизмдер цехы да бар. Манас Бергенұлы басқаратын ұжымның «үздік» атануы кездейсоқ емес. Бұл талай жылғы тәжірибенің, ұзақ уақыт төккен тердің нәтижесі.

– Жоспарды дер кезінде орындап, мінсіз жұмыс атқаруда еңбек озаттарының үлесі ұшан-теңіз. Олардың жастарды тәрбиелеудегі еңбегін айтсаңызшы. Бүгінгі күні ұжымда сексенге жуық адам еңбек етуде. Олардың арасында істің икемін білетін, жөн-жобасын түсінетін білікті мамандар жетіп артылады. Жастар легі ардагерлерге әрқашан арқа сүйейді. Жастардың жақсы жағынан көрінуіне аға буын өкілдері көп көмек көрсетіп, тәлімгерлік қозғалысына жете көңіл бөледі, – дейді Манас Жолкен.

Жұмысшыларын ұйытып отырған М.Жолкен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің түлегі. Бұдан бұрын ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен ол қызметтік өсудің бірнеше сатыларынан өткен. Байыпты басшының алар асуы, жетер жетістігі алдыда екендігі хақ. Ол әңгіме барысында өзінің ұжымды басқарудағы тың әдіс-тәсілдерімен, бастамаларымен таныстырып, алдағы жоспарымен бөлісті.

– Нәтижелі тәжірибелер алмасу, техника қауіпсіздігін сақтау мақсатында аудиттер өткізіледі. Онда корпоративті стандарттарды енгізудегі тәжірибелермен, қауіпсіздік техникасы, электр қауіпсіздігі мәселесі төңірегіндегі жетістіктермен бөлісеміз. Жұмысшылар техникалық, еңбек жағдайын ұйымдастыру барысындағы стандарттар, қауіпсіздік ережесі туралы өзекті сұрақтарға жауап бере алуы тиіс. Сол арқылы өз ісінің үздіктері анықталады. Мұнда жұмысшыларды мадақтау бағдарламасы бар. Онда барлық жағдайлар қарастырылған. Ең бір қалыптас­қан жағымды қағида – жас мамандарға жетекшілік ету арқылы үйрету. Бұл мектептің берері мол, – деген ол өз жұмысымен етене таныс, техниканың қыры мен сырын жақсы біледі. Көлік қатынасының тоқталмауы, жұмысты табысты атқаруға техникалардың дайындығы, оның жүйелі жүруін жалықпастан қадағалап, үйлестіріп отыру міндетін мінсіз атқарып жүр. Табыс тетігі жұмыс көлемінің жеткілікті болуында екендігін әбден түсінген. Қазіргі кезде көздеген межені бағындырып жүрген еңбек ұжымы алдағы уақытта да осы қарқыннан танбақ емес.

Қиындықты жеңіп, қаланы жылумен, сумен қамтамасыз етуге жұмыла кірісіп жүретін көлік және механизмдер цехы ұжымы бел шешпей еңбек етуге әрқашан дайын екендіктерін осылай байқатуда.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.