Әріптес апамызды еске алғанда

Әлі есімде, 1979 жылдың қараша айында отбасы жағдайымен Сарыкеңгір кеңшарынан Сәтбаев қаласына қоныс аударуға тура келді. Сәтбаевқа келген соң, жұмыс іздеу керек. Жұмыс іздеп, медициналық-санитарлық бөлімшесінің емханасына кірдім. Емхана басшысы Әбішева Базаркүл Әбішқызы деген кісі екен. Есігін қағып, кіруге рұқсат сұрағанымда: «Қош келіпсіз» деп, ақжарқын жүзімен қарсы алды. Қандай жұмыспен келгенімді егжей-тегжейлі анықтап, отбасы жағдайымды сұрады. Жақында ғана үйленгенімді, содан осы қалаға ауысқанымды айттым. «Таяуда үйленсеңдер сендерге көмектесу керек қой, бақытты болыңдар» деп, қолма-қол жұмысқа алу үшін бұйрық шығарды.

Аяулы апамыздың қарамағында 18 жылдай бірге жұмыс істеуге тағдыр жазыпты. Одан кейін денсаулық саласында реформалар болып, отбасылық-дәрігерлік амбулатория аға дәрігері болғанда да ол кісіден барып ақыл сұрайтынбыз, барғанымызда, «О, Мағзұм Омарұлы, келдіңдер ме, жаңа жерде қалайсыңдар, қандай көмек керек?» деп құшақ жая қарсы алушы еді. Біздер туған үйімізге, туған апамыздың үйіне келгендей көңіліміз көтеріліп қалатын. Ол кісімен болған 18 жыл ішінде біздерге үлгі болатын талай істеріне куә болдым. 90-жылдардың басында «Наурыз мейрамымыз» қайта жанданып, бүкіл қазақ халқы қуанып жатқанда, Жезқазған-Сәтбаев қалалары денсаулық мекемелерінің арасында бірінші болып апамыз басқарған емхана Наурыз мейрамын тойладық. Наурыз тойын апамыздың өзі басқарып, той өткенше басы-қасында болды. Тіпті Наурыз тойына жылқының қазысын іздеп, өзі бас болып ет комбинатына дейін барғанын көзім көрді.

Апамыздың тағы бір жақсы қасиеті, өз қызметкерлерін қызғыштай қорғайтын, бөлім бастықтары біздерге кейде ұрсып жатқанда, шырылдап қорғап қалатын. Неге екенін қайдам, мені ол кісі өте жақсы көретін. Кейде жұмыс жағдайымен ұрсып қалғанда, артынан шақырып алып, аялы қолынан шайын ішетінмін. Сонда кейбір әріптестерім таң қалатын: «жаңа ғана екеуі қатты ұрысып жатыр еді, енді жәйбарақат шәй ішіп отыр» деп. «Жақсының ашуы жібек орамал кепкенше» деген осындай жақсы әдептен қалса керек. Аяулы әріптесіміз – апамыздың жақсы істерін айтып тауысу мүмкін емес.

«Таулар алыстаған сайын биіктей береді» демекші, арамыздан кеткен жылдар тізбегі ұлғайған сайын апамыздың ашық бейнесі жадымызда жаңғыра түскендей. Саналы өмірін Қарсақпай, Жезді, Сәтбаев қаласының тұрғындарының денсаулығына арнаған, жақындарының қимасына айналған аяулы апамыз тек әріптестерінің ғана емес, көптеген сәтбаевтықтардың есінде деп ойлаймыз.

Мағзұм Қожақметов, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, Отбасылық дәрігерлер қауымдастығының президенті.

Комментарии закрыты.