Абай әлемінен сусындаған

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен Орал қаласында Қазақстан халқы тілдерінің XIV республикалық фестивалі аясында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, отансүйгіштік сезімді арттыру мақсатында Абай оқулары байқауы өтті.

Байқаудың бірінші кезеңі ағымдағы жылдың сәуірінде Қарағанды қаласында С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында өткізілген болатын. Аталмыш облыстық байқауда 1-орынды жеңіп алған Сәтбаев қаласының оқушылар сарайының іс жүргізушісі Светлана Гамаюнова Қарағанды облысының намысын республикалық байқауда қорғап келді.

Байқау барысында қатысушылар 3 тапсырма орындады. Абай шығармаларын (поэзия, қара сөздері) қазақ тілінде жатқа оқу, «Абай жолы» романынан қазақ тілінде жатқа үзінді оқу, Абай әндерін немесе қазақ халық әндерін орындау. Абай оқулары байқауына әр облыстан және Астана, Алматы қалаларынан 14 үміткер қатысты. Абайдың Жиырма тоғызыншы қара сөзін және «Сегіз аяқ» әнін шеберлікпен орындап беріп, Света байқаудың ІІ орынын жеңіп алды. «Байқау өте тартысты өтті, қарсыластарым да мемлекеттік тілді жақсы меңгерген азаматтар екен. Байқауға қатысуыма қолдау көрсеткен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, дайындаған ұстаздарыма айтар алғысым шексіз», дейді Абай әлемімен сусындап өскен орыс қызы Света.

Б.Айтөреұлы.

Комментарии закрыты.