Өнімді еңбек иелері

Ел экономикасын, әлеуметтік жағдайын жақсартуға, болашағын жарқын ету жолында шыңырауда шыңдалып, талмай тер төккен кеншілерге көрсетілген құрметтің қашан да көптік етпесі анық. Осы орайда Жыланды кен орнында өткен салтанатты шарада аймағымыздың өркендеуіне зор үлесін қосқан майталман мамандар мен қажырлы кеншілердің жанкешті жұмысына алғыс айтылып, үздік деп танылғандар ұлықталды.

Еңбек ұжымы төл мерекеге жоғары жетістіктермен жетіп отыр. Бұған Сары Оба кеніші еңбеккерлерінің қосқан үлесі аса зор. Салтанатты кеште сөз кезегін алған кен орнының директоры Нұрболат Байсадықов қол жеткізген табыстармен бөлісті.

– Біліктілік жауапкершілікпен жұптасып, табыс пен сапаға апаратын күн алдыда. Осы жолда еңбек қауіпсіздігін жетілдіріп, жұмыс жағдайын жақсартуға барынша ден қойылуда. Жұмыс орнын қауіпсіздендіру арқылы қолайлы жағдай туғызу сынды мәселелер басты назарымызда. Кәсіподақ тарапынан ұйымдастырылатын шаралар еңбек қауіпсіздігін арттыра түсуде. Бұл орайда жоспарға сай өткізілетін байқаулардың берері зор. Учаскелер арасында еңбек қорғауға, қауіпсіздікті қатаң сақтауға үндейтін шаралар игі істердің ұйытқысы болуда. Жігіттер жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатындығын дәлелдеуде. Жалпы, біздің кәсіпорын өнім беру жағынан да, қауіпсіздік стандарттарын орындауда да көш басында тұр, – деген Н.Байсадықов алдағы уақытта да еңбек сапасының жақсаруына, жұмысшылардың кәсіби шеберлігінің артып, тәжірибелерінің шыңдалуына арналған шаралардың үздіксіз жүргізілетіндігін жеткізді. Кешенді жоспарға енгізілген стратегия мақсаттарын дамыту, насихаттау, бригадирлер, ауысым шеберлерін оқыту, жұмыс орнын қауіпсіздендіру, осы бағытта барлық кардиналды ережелерді сақтау, учаске жұмысын жүйелі бағалау секілді жұмыстардың толыққанды жүзеге асырылып жатқандығын тілге тиек етті.

Жер астында кен өндіру оңай емес. Оның нәтижесі телімдегі жұмыстардың үйлесімді атқарылуына байланысты. Осы тұрғыда аттырушылар қауымының еңбегі ерен. Осы ретте белгіленген тәртіп шеңберінен аспай, шеберлік шыңдау арқылы қиындықтарды жеңе отырып, тапсырманы ойдағыдай орындаған Қанат Кәрібаев, Ержан Аймағамбетов, Тимур Тұржанбаев үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін иеленді.

Бұл талай жылғы тәжірибенің, ұзақ уақыт төккен тердің нәтижесі. Жоспарды дер кезінде орындап, мінсіз жұмыс атқаруда еңбек озаттары мен ардагерлерінің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Олардың жастарды тәрбиелеудегі еңбегі атап айтарлық. Үздік деп танылғандар қатарындағы бір топ еңбек озатына «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Э.Огайдың, Басқарма төрағасының бірінші орынбасары А.Гайдиннің, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ Бас директоры Б.Баймұхановтың Құрмет грамотасы табыс етілді. Олардың қатарында Оралсын Башаров, Батыр Жақиянов, Қуатбек Алтаев, Марғұлан Дұйсенбаев, Елена Жилкова, Дархан Әбілдинов бар.

Еңбек көрігін қыздырып жүрген майталмандар өнімділікті еселей түсуге үлкен үлес қосып, кен көзінің тоқтаусыз тасымалдануын қамтамасыз етуде. Құттықтау кезегін алған Жезқазған аймағы бойынша әлеуметтік еңбек қатынастары басқармасының маманы Еркебұлан Әлімбет Сағат Сикимов, Байтен Шалкарбаева, Күнсая Дюсенбекованы Құрмет грамотасымен марапаттады. Мұнан соң «Нұр Отан» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалының, «Еңбек» кәсіподағының, «Жастар одағы» ҚБ-ның сый-сияпатына лайық деп табылған бір топ еңбеккер құрметке бөленді. Бекзат Мұханбетжан, Самат Берлібеков, Қуаныш Тұрғымбаев, Айткүл Исатаева, Данияр Ережеп, Азамат Қайратов, Самат Жұмабаев, Дамир Шонов осы қатардан көрінді.

– Кен өндіру мен өңдеу үдерісінде еңбек жағдайының жайлы әрі қауіпсіз болуына баса назар аударатын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС арнайы стандарттар енгізіп, соның негізінде төтенше жағдайлардың алдын алып, адам шығынын болдырмауға күш салуда. Бұл тұрғыдан келгенде «Еңбек» кәсіподағы жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынасты күшейте отырып, олардың қолайлы жағдайда жұмыс жасауына септесуде. Сары Оба кеніші қауіпсіздік техникасы мен еңбек қорғау талаптарының орындалуын жіті назарда ұстауда. Кеніш басшылығы мен кәсіподақ ұйымы бірлесіп кеншілер арасында түрлі байқаулар ұйымдастыру арқылы еңбек қорғаудың маңыздылығын арттыруда. Қауіпсіздік техникасы жөніндегі байқаулар өз нәтижесін беруде. Әсіресе, еңбек жағдайын жақсарту жолында өткен бәсекеде учаскелерді талапқа сай қауіпсіздендіру, жарықтандыру сынды еңбек қорғау шарттарының қаншалықты жүзеге асырылғандығы анықталды, – дейді салтанатты шараның басты ұйымдастырушысы, кәсіпорындағы «Еңбек» кәсіподағының төрайымы Зауреш Исмагулова.

Қазіргі кезде қажырлы еңбек етіп жатқан еңбек ұжымы көздеген межені бағындыру үстінде. Алдағы уақытта да осы қарқыннан танбақ емес. Олар кен өндіру процесінің тәулік бойы тоқтамауы үшін бел шешпей еңбек етуге әрқашан дайын.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.