Дәстүрлі дастархан

Халықаралық қарттар күніне орай Жезқазған қаласы туберкулезге қарсы күрес диспансерінде денсаулық сақтау саласының зейнет-керлеріне, осы мекемеде көп жылдар бойы еңбек еткен ардагерлерге арналған мерекелік түскі ас ұйымдастырылды.

Дастархан басына жиналған құрметті қонақтарды Қариялар күнімен диспансердің бас дәрігері Амангелді Несіпбаев құттықтады.

– Қазақ халқы әрқашан қарттарын қадірлеген. Осы қағиданы биыл да естен шығармаған біздің ұжым мерекеге орай сіздерге дастархан жайып отыр. Бүгін сіздер бір-біріңізбен көрісіп, жастық шақтарыңызды еске алу үшін жиналдыңыздар. Олай болса, бұл басқосуда бір-бірімізге жақсы тілектер айтып, сіздердің ақыл-кеңестеріңізді тыңдап, емін-еркін әңгіме-дүкен құрайық, – деді бас дәрігер.

Мерекелік дастархан басында ардагер ақсақалдар мен әжейлер өткен өмір жолдарын еске түсіріп, тәжірибелерімен бөлісті. Ал, туберкулезге қарсы күрес диспансерінің дәрігерлері қазіргі таңда халықтың денсаулығын арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде айтып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің күннен-күнге жақсарып келе жатқандығын тілге тиек етті.

Қонақтар да өз тарапынан ризашылықтарын білдіріп, көңілді күймен тарасты.

М.Шахаева.

Комментарии закрыты.