Облыс депутатына шағымданды

«Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыстық мәслихаттың депутаты Төреқожа Тлемісов қала тұрғындарын қабылдады. Оған филиал төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев қатысты.

Елена Шестакова өзінің конституциялық құқығын қорғауға көмек беруді сұрай келіпті. Өзі жұмыс істеген дүкеннің қожайынымен жұмыс беруші мен жұмысқа тұрушының арасындағы келісім шарт болмағандықтан, еңбекақысын бермей келеді. Оның үстіне Елена отбасын кіріс көзімен қамтамасыз етіп отырған жалғыз адам. Осы мәселеге депутаттан көмек қолын созуды сұрады. Т.Тлемісов арыз-шағым бойынша қалалық сотқа шағымдану керектігін айтып, түсіндірді.

Екі баланың анасы Татьяна Симоненко үлкен ұлының мәселесі бойынша келіпті. «Қазақмыс» корпорациясына қарасты технологиялық колледжінде оқыған оның ұлын оқу бітірісімен «Нұрқазған» кен орнына тұрақты жұмысқа жіберген. Алайда, оған жатақханадан орын берілмеген. Теміртауда үй жалдап тұруға мәжбүр болған. – Алған азын-аулақ ақша сол үйдің жалдау құнына кетіп жатыр. Кіші ұлым науқас. Өзім жұмыс істемеймін. Ұлымның мүгедектігіне алатын 7000 теңге ештеңеге жетпейді. Бұл мәселемен корпорацияның Төрағасына да хатпен шықтым. Сол кісінің жауабын күтіп отырмын. Сізден ұлымның осында жұмысқа орналасуына жәрдем беруіңізді сұрай келдім, – деді Татьяна.

Ш.Уәлиханов көшесінің тұрғыны, ІІІ топ мүгедегі Мейрам Жакупов үйіне дейін тартылып тұрған кәріздік құбырды үйіне кіргізіп беруге көмек сұрады. Бұл жұмысты өзі жасауға денсаулығының келмейтіндігін айтып, түсіндірді. Алайда, бұл жеке сектордағы үй болғандықтан кәріздік құбырды үйге өздері тартып алуға міндетті. Облыс мәслихатының депутаты бұл жұмысты тек асарлатып қана жүзеге асырмаса, басқа мүмкіндік жоқ екендігін айтты.

Т.Тлемісов мұң-мұқтаждарын айта келген тұрғындардың мәселесін өз бақылауында ұстап, шешімін табуға көмек беремін деп сендірді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.