Даму қарқыны бәсеңдемейді

Дүйсенбі күні Сәтбаев қаласына Қазақстан Үкіметінің транспорт және коммуникация вице-министрі Қ.Б.Әбсаттаров келді. Үкімет өкілі республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі ретінде Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында қаланың зиялы қауымымен кездесу өткізіп, Елбасының биылғы жылғы Жолдауын іске асыру жолындағы атқарылып жатқан шаралар жөнінде мағлұмат берді. Жиынды қала әкімі Б.Д.Ахметов жүргізіп отырды.

Вице-министр өз баяндамасында Қазақстанның соңғы жылдардағы даму сатысы көрсеткіштермен айғақталатынын айтты. Мәселен, 2012 жылдың І-жарты-жылдығында ішкі жалпы өнім 5,6-ны құраса, мемлекеттік бюджет 25 пайызға өсті.

Қазақстанның даму қарқыны дүниежүзілік дағдарысқа қарамастан, өз деңгейін бәсеңдеткен жоқ. Елімізде 440 жаңа индустриялық бағыттағы кәсіпорындар жұмыс істеп, барлығы 800 млрд теңгеге өнім шығарған, оларда 10 мыңнан астам адам еңбек етуде. Еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 5, 3 пайызды құрап отыр.

– Салыстырмалы түрде айтсақ, – деді Қайрат Бектайұлы, – дағдарыс меңдеп келе жатқан Европада, оның ішінде Испанияда жұмыссыздық 24,6%, Грецияда – 22,3, Германияда – 6,8, Ұлыбританияда – 8%-ды құрап отыр.

2012 жылдың 5-қыркүйегіндегі Бүкілдүниежүзілік экономикалық форумның сараптамалық мәліметіне жүгінсек, қазіргі кезде Қазақстан даму қарқыны бойынша дүниежүзіндегі 144 мемлекеттердің ішінде 51-ші орында келеді.

Вице-министр өзіне жүктелген салаларға қатысты жобалардың іске асырылуы жайында әңгіме қозғады. Биылғы жылы бастауын алған Жезқазған – Бейнеу темір жолының маңыздылығын айта келе, қазіргі кезде оның құрылысына 5 мердігерлік кәсіпорын, 619 техника, 816 жұмыскер тартылып отырғанын айтты. Болашақта іске қосылғанда, орталықтан батысқа шығар темір жол 1200 км-ге созылып, 21 млн тонна жүк тасымалданатын болады. Сонымен бірге, Арқалық – Шұбаркөл темір жол қатынасы да ел экономикасының қарқынды дамуына өз үлесін қосады.

Қ.Әбсаттаров Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласына қатысты Үкіметтің атқарып отырған шараларына да тоқталды. Оның ішінде жалпылама Электронды Үкіметті енгізу, әлеуметтік-ақпараттық қоғам қалыптастыру жолындағы оң қадамдар жайында баяндады.

Жиында вице-министр сәтбаевтықтарды толғандырып жүрген сұрақтарға жауап берді. Мәселен, Жезқазғаннан Қарағандыға, Қызылордаға, Арқалыққа апаратын автокөлік жолдарын қалыпқа келтіру жөніндегі сұраққа Қ.Әбсаттаров, елімізде жылына автокөлік жолдарына 300 млрд теңге қаражат бөлінетінін, ал сол қаражатты бір мезетте барлық жолдарды қалпына келтіруге жұмсауға мүмкіндік жоқ екенін айтты. Қазіргі кезде маңызды «Батыс Қытай – Батыс Европа» магистральді халықаралық жолдың жобасы іске асырылып жатыр. Оның қашықтығы – 8000 км, оның 2000 километрі Қазақстан арқылы өтеді. Жол жоғарғы деңгейде болу керек. Оған жұмсалар қаражат та қомақты. Бұл жол 2015 жылы салынып бітеді. Сонымен бірге Астана – Қарағанды автокөлік жолын кеңейту жөнінде шешім қабылданды. Оған да тиісті қаражат көзі қажет. Үкімет Жезқазған – Қызылорда, Жезқазған – Арқалық жолдарын жөндеуге арналған тиісті құжаттар дайындап жатыр. Оны іске асыру, оның ішінде Қызылорда бағытындағы 243 км жолды жөндеу, келесі жылға жоспарланып отырғанынан вице-министр хабардар етті.

– Ал, Жезқазған – Қарағанды жолын әзірше тек қана орташа жөндеуден өткіземіз деген ойымыз бар, – деді вице-министр.

Сәтбаевтық кәсіпкерлер темір жолмен келетін тауарларды біздің қалаға жеткізу қиыншылығы бар екенін және осы мәселені шешу үшін Жезқазған – Сәтбаев арасында жеке темір жол желісін салуға болмай ма деген сұрақ қойды. Бұл сұраққа қала әкімі Батырлан Ахметов екі қала арасындағы «Қазақмыс» корпорациясының темір жол желісін пайдалану жөнінде мәселені қала әкімдігі көтеріп отырғанын және ол шешілсе қалаға әкелінетін тауарлар құнын арзандатуға әсерін тигізетінін айтты.

Вице-министр мен қала әкімі тұрғындардың электр-энергия, коммуналдық қызметтердің ақысы көтеріліп отырғанына алаңдатушылық білдіргендерін түсіністікпен қабылдады. Олар бұл шаралардың заман талабына сай екенін, аталған салаларды жаңғырту бағытында жасалып жатқан жұмыстар тиісті қаражатты қажет ететінін айтты. Сонымен бірге, энергетика саласында Қазақстан мен Корея арасында Балқаш жылу-электр станциясын салу жөнінде келісімге қол қойылды. Ол жүзеге асқанда, еліміздің солтүстігіндегі Екібастұз ГРЭС-нен орталыққа электр қуатын толығымен тасымалдау мәселесі шешіледі.

Жиында Сәтбаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны мен Елбасының Жолдауына орай атқарылып жатқан шаралар жөнінде қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Марат Бапов, халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Дастан Төрегелдин хабардар етті.

Мәди ӘЛЖАППАРОВ.

Комментарии закрыты.