Кемшіліктерді көрді. Тапсырма берді

Өткен сенбіде қала әкімі Батырлан Ахметов жауапты мекемелердің басшыларымен қаланы аралады. Әкім бастаған топ әуелі Ерден көшесі бойында МЖК аталып кеткен ауданның маңында жылу құбыры жүргізілгеннен кейін қазылып қалған жолды көрді. Жабусыз екі айдан артық жатқан жерді ретке келтіріп, жолдың жанжағында шашылып жатқан құрылыс қалдықтарын жинастыруды, жол жиектерін жөнге келтіруді тапсырды. Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына Первостроители көшесі бойында қазылып, әлі күнге дейін ашық жатқан шұңқырларды, осы көшемен Б.Бұлқышев көшесінің қиылысындағы көптен бері қазылып, іші кілкіген суға толған шұңқырды жабуды, айналасын ретке келтіру жұмыстарын жүргізуді жүктеді. Кәсіпорын бастығы Е.Жұмабеков осы аптаның ішінде олқылықтардың орнына келетінін айтты. Бұл маңның тұрғындары жылда су кетіп, көшенің бойы батпақ болып, үйден шығу мұңға айналатынын айтты. Осы маңда орналасқан қоқыс жәшігінің сиқы қашқан. Бір емес, бірнеше көшеге екі-үш қоқыс жәшігі. Бұл аздық етеді. Және қоқыс жәшігінің тұрған жері саздақ болғандықтан ба езіліп жатыр. Үйден шыққан қоқысты бос тұрған жәшікке салудың орнына айналасына шашып тастай салған.

Батырлан Дүйсенбайұлы сондай-ақ, қала көшелеріндегі құдық қақпақтарының ұрлануына байланысты, ашық жатқан құдықтарға қақпақ орнату керектігін баса айтты. Мұндай ашық жатқан құдықтар қаланың шығыс бөлігіндегі көшелердің барлығында да кездеседі. – Алда шанасын сүйреп қыс келеді. Жүйелі жұмыстар атқарылып, мынандай олқылықтар жойылмаса, қыстың қақаған аязында қиындық туындауы мүмкін. Сондықтан да тездетіп жылу құбырларын көміп, қақпағы жоқ құдықтар жабылуы керек, – деді қала басшысы.

Одан кейін әкім бастаған топ таяуда ғана ашылған Гурба көшесі бойындағы Кеншілер алаңындағы жұмыстармен танысты. Бұл алаңда қазіргі күні «Лабораторияэнергосбережения» ЖШС-і жарықтандыру жұмыстарымен айналысып жатыр. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша бұл жұмыс қараша айында толық аяқталып, алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек.

Қаланың батыс бөлігінде орналасқан жер үйлердің сырт жағын заңсыз сауда басып алған. Құрылыс жабдықтары, қорда үйілген алаң көрген көзге оғаш көрініп-ақ тұр. Қала басшысы заңсыз, еркін саудамен айналысуға бой берген бұл алаңның иелерімен жауапты мекемелердің мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, алаңды қоршауға алу керектігін айтты.

Абай көшесі бойында, қаланың сырт жағындағы автокөлік жөндеу орталығының артында көлік дөңгелектері тау болып үйіліп, айналасы қоқысқа толған. Мұндай бассыздыққа жол берген шағын кәсіпкерлік нысанның иесіне ескерту жасалды.

«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша Шаталюк көшесінде бой көтеріп жатқан 18 пәтерлік үйдің құрылыс жұмыстарымен танысқан қала әкімі Батырлан Ахметов мердігер компанияның жетекшісіне құрылыс жұмыстарының жүйелі түрде сапалы әрі уақытылы жүргізілуіне көңіл бөлуді қадап айтты. Тұрғын үйдің бүгінгі күні іргетасы қаланып, жұмыс бір сарынды жүріп жатыр. Келер жылдың шілде айында үй кезегінде тұрған азаматтар бағдарлама аясында салынған баспананың кілтін қолдарына ұстамақ.

Сондай-ақ,тексеріске шыққан қала әкімі Сәтбаев даңғылы мен Шаталюк көшесі бойындағы салынып жатқан ойын алаңымен танысты.

Осы тексеріс барысында қала басшысы жауапты мекемелерге тапсырмалар жүктеп, айтылған сын-ескертулерден қорытынды шығаруды қатаң тапсырды.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.