Дініңді сақта, дәстүрді сатпа

Сәтбаев қаласында ақсақалдар алқасы бастаған іс-шаралар бастау алып, білім беру ошақтарындағы жастармен жүздесу жұмыстарын жүргізуде. Соның бірі көрінісі – «Дініңді сақта, дәстүрді сатпа» атты дөңгелек үстел отырысы.

Кездесу барысында Сәтбаев қаласы Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы қалалық мешітінің наиб имамы Хамит Мырзагелдиев, жастарға ілімсіздіктің залалы туралы, ішімдіктің тигізер зияны бойынша мәліметтер беріп, олардың қойған сауалдарына тұшымды жауап берді.

– Соңғы уақытта көптеген діни ағымдардың ел арасында белең алуы жұртшылыққа, әсіресе, жастарға толық, айқын ақпарат беруді қажет етеді. Өз сөзінде дін өкілі, еліміздегі мешіттердің бір бағытта, яғни Ханафи мазхабын ұстанған ҚМДБ-на қарасты болуы – ұлт тұтастығының кепілі, – деді наиб имам. Сондай-ақ, ақсақалдар қауымынан жеке кәсіпкер Мұрат қажы, «Шындық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Абдолла Дастанов, кенші ақын Мұса Тілеуов сынды қаламыздың ардақты үлкендері кеңес үкіметі тұсындағы жағдай мен тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі үлкен өзгерістерді атап, ата-бабаларымыздың шариғат пен сүннетті мақал-мәтелге және салтдәстүрдің ішіне айрылмайтындай етіп, сыналап енгізіп, кейінгі ұрпаққа біздерге аманат етіп қалдырғандығын жеткізді. 150-ге тарта 8-11 сынып аралығындағы оқушылардың қатысуымен өткен жиында ата-бабамыздың ислам үкімдері мен сүннет амалдарын, шариғат жолдарын өзінің күнделікті тұрмысына сіңіріп, салтқа айналдырып, сақтай білгендігі жетік баяндалды.

Алдағы уақытта да осындай жастармен ақсақалдар алқасының, дін өкілдерінің кездесу шаралары жалғасын таба бермек.

Сәтбаев қаласы мешітінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.