Асыл құндылықтар сақшысы

Көрнекті жазушы Ә.Кекілбаевтың «Мен кітапханаларды ақыл-білім, адамгершілік, парасат, иман ордасы деп білемін, ал, кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті ең асыл құндылықтың ең жанкешті сақшылары ретінде санаймын» деген ғибратты сөздері бар.

Үкіметтің бекітуімен қыркүйек айының соңғы жексенбісі «Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні» болып белгіленді. Осы мерекемен ең болмаса, қалалық мәдениет бөлімі тарапынан құттықтау сөз болмады, өкінішті-ақ. Қаланың мәдени өмірі мәдениет қызметкерлері мен өнерпаздардың еңбегімен көркейіп жүр емес пе?

Мен Баубек Бұлқышев атындағы орталық кітапхана басшысының орынбасары Қойшыбаева Асыл Нұрмағанбетқызы туралы пікірімді білдірмекпін. Асыл Нұрмағанбетқызы кітапханадағы жұмыстың жандануына өзінің біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, өз ісіне деген жауапкершілігімен үлес қосып жүрген маман. Біраз жылдар оқу залында кітапханашы болып жұмыс жасап, оқырмандарға сапалы қызмет етуімен көзге түсті. 2009 жылы кітапхана басшысының орынбасарлығына тағайындалып, бұл жұмыста да іскерлігімен өзін көрсете алып жүр.

Биылғы жылы атқарған жұмысына көз жүгіртсек, Асыл Нұрмағанбетқызы шілде айында Қарағанды облыстық Мәдениет басқармасы мен ҚР-ның Ұлттық академиялық бас кітапханасының қолдауымен өткізілген жас кітапханашылардың І Форумына қатысып, «Приемы библиотечной работы с читателями девиантного поведения: из опыта работы Сатпаевской ЦБС» тақырыбында баяндама жасап, оң бағасын алып қайтты. Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған «Кітапхана – жастардың ақпарат, білім алу және рухани қарым-қатынастарының орталығы» атты семинар-тренинг біздің Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапханада өтті. Осы семинардың тиісті деңгейде өтуіне А.Қойшыбаева, Э.Жанпейісова, Ю.Солодовникова атсалысып, қарағандылық әріптестердің ризашылығын алды.

Қыркүйек айының 25-28 аралығында Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ҚР-ның Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «Достастық кітапханалары: интеграция, инновация және жалпыға ортақ қолжетімділік» атты кітапханашылар Форумы өтті. Форумға Америка, Франция т.б. шет елден және ТМД елдерінен келген мамандар, еліміздің облыстарының кітапхана басшылары қатысты. Осы мәртебелі жиынға қатысу құқына Сәтбаев қаласынан Асыл Қойшыбаева ие болып, мерейі өсіп қайтты.

Ресейде шығатын «Библиотечное дело» журналында «Приглашение на рандеву. Возрождение семейного чтения» (№12 2011ж.) атты мақаласы жарық көрді.

Асыл Нұрмағанбетқызының Қарағанды облыстық Н.В.Гоголь атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында өтіп тұратын біліктілікті жетілдіру семинарларынан әр жылдарда алған сертификаттары мен қалалық мәдениет бөлімі тарапынан алған мақтау қағаздары бар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, әріптесімнің еңбегін дәріптей отырып, шабытына шабыт қосылсын деген ниетте болдым. Асыл замандасым екі бала тәрбиелеген ана, балалары есейді. Нұрсұлтаны жақсы азамат болып өсті, қазір Астанадағы медициналық академияда оқып жүр. Қызы тұрмыс құрып, биыл Асыл немерелі болды. Әріптесімізге жұмысында шығармашылық табыс, деніне саулық тілейміз.

З.Арыстанова, библиограф.

Комментарии закрыты.