Елді сүюдің ерен үлгісі

Арқалы ақын, танымал қаламгер Қуаныш Ахметов арамызда жүрсе бүгінде 75 жасын тойлап жатқан болар едік. Ырғыз бойында туып, ширек ғасыр кенді өлкемізде тер төккен дарынды азамат Ұлытаудың тарихын зерттеп, даңқын аспанға көтерді. Ұлытаудың танымал ірі тұлғаларын архив деректерімен қайта толықтырып, жалпақ жұртқа паш етті. «Ұлы даланың Ұлытауы» атты тарихи қос томдық аса құнды шығарма міне осының айғағы.

Қаламгер ағамыздың 75 жылдығына орай есімін еске алу мақсатында жақында Жезқазған тарихи-археологиялық өлкетану мұражайының көрме залында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған шара ұйымдастырылып, ашылу салтанаты өтті. Көрменің ашылуына Қуаныш Ахметов ағамызбен бір шахтада еңбек еткен ардагер-кеншілер, көзін көрген қаламдас достары, қала әкімшілігі мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

«Орнында бар оңалар» дегендей, осы іс-шараның ортасында ақынның ұлы Мұрат Ахметовтың жүруі шараны ерекше ете түсті. Ақынның өмірі мен шығармашылығынан қысқаша бейнетаспа көрсетіліп, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова алғыс айтты. Көрменің ұйымдастырылуына ұйытқы болған «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров туған өлке тарихы жайлы аса құнды еңбектер жазған талантты ақын, тамаша тарихшы, арамыздан ерте өткен қаламгер Қуаныш Ахметовтың азаматтық және ақындық жолы Отанын, елін, жерін сүюдің ерен үлгісі екенін атап өтті. Еңбек ардагерлері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматтары Яхия Асатов, Зейнеп Әбілбекова, Мұса Тілеуов ақынмен бірге жүрген күндерден естелік айтып, арнау өлеңдерін оқыды. Ұлытауда туып, Жезқазғанда өскен небір азаматтар дәл Қуаныштай Ұлытауды ұлықтай алған жоқ. Ырғыздың ұланы, Жезқазғанда шыңдалған дарынды тұлға Ұлытаудың ұлы тарихын жоғары деңгейде зерттеп, өшпес мұра қалдырды.

Жезқазғанды өз туған жеріндей сүйген дарын иесіне құрмет көрсетіп, қатар жатқан қос қаладан ақын Қуаныш Ахметов атына көше немесе мектеп атын беруді ұсынды Яхия Асатов өз сөзінің соңында. Ардагерлер мен көрмеге қатысушы барша жұртшылық бұл ұсынысты құптап, қол шапалақтап, қолдау көрсетті. Айтулы кенші, арқалы ақын, туған өңірімізді терең зерттеген тарихшы, қаламгер Қуаныш ағамыз қандай құрметке болсын лайықты. Азаматтың еңбегі ескерілгені жөн деп білеміз.

Әбулайс Мулахов,
«Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы «Ардагерлер кеңесі» ҚБ Сәтбаев филиалының басшысы.

Комментарии закрыты.