Сәтбаев сары аймақта

Соңғы апталардағы көрсеткішке қарағанда тәжтажалдың ауқымы тарыла бастаған сыңайлы. Елдің көптеген өңірлері қызыл аймақтан шыға бастады. Соның бірі – Сәтбаев қаласы. Бүгінде қала сары аймақта. Егер тұрғындар сақтық шараларын тиянақты орындап, екпе алуда ұйымшылдықты арттырса – жасыл аймақ та қол созым жерде.

Солай екен деп арқаны кеңге салуға болмайды. Шектеу талаптары, санитарлық тазалық шаралары әлі күшін жойған жоқ. Әсіресе әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, бетперде киіп жүру өте маңызды. Ең маңыздысы – иммундық қалқанымызды қалыптастыру. Ол үшін екпе алуда керітартпалықтан арылуымыз қажет.

Осындай талаптарды орындаудың арқасында қалада өткен тәулікте 5 адамнан ғана ковид инфекциясы анықталған. Ал, атпада сырқатқа шалдыққандар 61 адам болып отыр. Бұл бұған дейінгі аптамен салыстырғанда 13 процентке төмен.

Бүгінгі күні стационарлық емдеу орындарында 28 адам жатыр. Ковид оң нәтиже берген 160 адам үй жағдайындағы карантинде. Оның 119-ы симптомсыздар. Сырқаттармен тығыз қарым-қатынаста болған 670 адам да шектеуде.

Орайы келгенде айта кетейік, жыл басынан бері 4293 жағдай тіркелді. Оның 93 проценті сауығып шықты. Өкінішке орай, 93 адам осы кеселдің салдарынан қайтыс болды. Сақтансаң сау боласың. Осыны ұмытпайық, ағайын.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.