Жұмысшыларды түлеткен орда

Қаламыздағы индустриалдық колледжді осылай деп дәріптесек артық айтқандық болмас. Өйткені, осы оқу ордасы елімізге қажетті мамандық иелерін оқытып, түлетіп отыр.

Бүгінде еліміздегі экономика және өндіріс салаларының дамуына байланысты жұмысшы мамандарға деген сұраныс күн санап артып келеді. Осыған орай елімізге өркениет әлемінің озық технологияларын меңгерген, жаңа заман талабына сай кәсіптік білімі бар, сапалы да білікті мамандар қажеттілігі туындап отыр. Осындай мамандарды даярлап отырған білім ордаларының бірі – Сәтбаев қалалық индустриалдық қолледжі.

– Біздің колледж кәсіби білім беру жүйесіндегі болашақ білікті жұмысшыларды дайындайтын, оқытатын және тәрбиелейтін оқу орны екенін мақтан етеміз. Өйткені, азаматтарды жұмысшы мамандығына даярлауда өз қабілеті мен қызығушылығына, мүмкіндігіне қарай білім беру, оларды қайта даярлау және кәсіптік біліктілігін көтеру – үлкен жауапты міндет. Біз осы үрдістен көрініп келеміз, – дейді аталмыш колледждің директоры Жұлдыз Шырдаева.

Шын мәнінде де, Сәтбаев индустриалдық колледжі тарихы терең, болашағы зор, қалыптасқан дәстүрі, шығармашыл ұжымы бар, Қазақстанның еңбек нарығына білікті жұмысшы-мамандар даярлайтын алдыңғы қатардағы даму үстіндегі аймақтағы танымал оқу орны. Білім ордасы білім берудің қазіргі тенденциялары мен дәстүрлерін негізге ала отырып, бәсекеге қабілетті, жоғары білікті және кәсіби, шығармашылық әлеуеті жоғары нағыз мамандарды дайындайды. Қазіргі уақытта колледж еңбек нарығында сұранысқа ие бес кәсіп бойынша мамандар даярлайды. Атап айтқанда, аспаз, құрылысшы, газбен және электрмен дәнекерлеуші, токарь және автокөлік жөндейтін шеберлер осы колледжден түлеп ұшып жатыр. Соңғы мамандық иелері нарық сұранысынан туындаған кәсіп иелері. Бүгінде елде көлік құралдары көп, ал оларға техникалық қызмет көрсететін мамандар тапшы. Осы мамандық бойынша оқу бітірген түлектерге сұраныс көп.

Сұраныс көп дегеннен шығады, колледжді бітірген кез келген мамандық иесі қазір жұмыссыз қалып жатқан жоқ. Тек өзінің ынтасы мен ықыласы һәм өз ісіне деген адалдығы аңғарылып тұрса болғаны.

– Біздің колледж «Қазақмыс» корпорациясымен және «Ұлы дала» компаниясымен әлеуметтік серіктестікте. Түлектеріміздің дені осы іргелі өндіріс орындарының түрлі құрылымдарында жұмысқа тұрып жатыр. Әсіресе, токарь, құрылысшы, аспаз-кондитер мамандарымыз оқуын бітірген соң осы компанияларда жұмыс істеуде. Соның ішінде «Қазақмыс» корпорациясының басшылары әлеуметтік қолдауға зәру отбасынан келіп оқып, колледжді бітірген балаларды жұмысқа орналастыруда үлкен қолдау көрсетуде, – дейді колледж директоры.

Жұлдыз Әбдуалиқызының айтуынша, өткен жылы 91 бала түрлі мамандық бойынша диплом алған екен. Биыл да осынша бала кәсіптік білім алуға келіпті. Қазіргі заман талабына сай өз мамандықтары бойынша машықтануды игерген жастарға сұраныс жоғары. Білім алушы жастарға колледжде мамандықтарын терең меңгеруі мен сапалы кәсіби білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Оқу орнында мамандықтар бойынша оқу кабинеттері мен шеберханалар толық жабдықталып, соңғы үлгідегі станоктар орнатылған. Барлық құралдар қауіпсіздік талаптарына жауап береді.

– Колледждің оқу корпусы, зертханалары, оқу-өндірістік шеберханасы, оқу-жаттығу полигондары, дәнекерлеуші цехы, автодромы бар. Оқу процесін толық қамтамасыздандыру үшін интернет желісімен, мультимедиялық құрылғылар, соңғы үлгідегі моноблоктар, компьютерлер мен ноутбуктармен жабдықталған. Оқу дәрісханалары мен зертханаларға, компьютерлік сыныптарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Кешегі түлектер бүгінгі таңда жемісті еңбек етіп жатыр. Сондықтан, оқуды тәмамдаған мамандар тек қана біздің өңір ғана емес, сонымен қатар еліміздің өзге де аумағында кәсібі бойынша қызмет атқара алатындығына сенім мол, – дейді Жұлдыз Шыр­даева.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.