Төл мерекелерін тойлады

Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір болса, кітапханашы – кітапхана тірлігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы. Кітапханашылар – оқырмандарға қажетті ақпараттың тиімдісін дайындайтын, ойы зерек, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырманның дұрыс бағыт-бағдар алуы үшін қызмет атқаратын, қасиетті қазыналарымызды сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген ең қажетті мамандық иелері.

Қазан айының 15 күні Б.Бұлқышев атындағы қалалық орталықтандырылған кітапханада «Кітапханашылар күні» аталып өтті. Салтанатты шараға Сәтбаев қалалық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы мен Весовая елді-мекенінде орналасқан отбасы түріндегі кітапхананың ұжымы қатысты. Жиналғандарды өздерінің кәсіби мерекелерімен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш құттықтады.

– Кітап – адамзат мәдениетінің ең ұлы туындыларының бірі. Ал, кітапхана – әрбір қоғамның мәдениетінің белгісі мен өмірінің бір көрінісі. Уақыт талабына сай, бүгінгі күні оқырмандар әр нәрсені қабылдауға, білуге құштар. Осы орайда, оларға сапалы қызмет көрсететін, қажеттіліктерін жүйелі зерттеп, қанағаттандыратын, жаңа келіп түскен әдебиеттерді ұсынып, кітап оқуға тарту үшін олардың арасында көрнекті насихат жұмыстарын жүргізетін – кітапханашылар болып табылады. Бүгінгі күн – тек сіздердің төл мерекелеріңіз ғана емес, бұл осы абыройлы мамандықтың маңыздылығын мойындау күні. Сіздерге шығармашылық табыс, еңбектеріңізге жеміс пен отбастарыңызға амандық тілеймін, – дей келе, Қанат Жанділдаұлы қала әкімінің Құрмет грамотасымен балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Г.Қожахметованы, орталық кітапхананың қызметкерлері М.Серкебаева мен З.Арыстанованы марапаттады.

Сонымен қатар, қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны, жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі жеке еңбек және шығармашылық үлестері үшін Сәтбаев қалалық мәслихатының Құрмет грамотасы орталық кітапхана директорының орынбасары А.Қойшыбаева мен Весовая елді-мекеніндегі отбасы түріндегі кітапхананың директоры О.Владимироваға тапсырылды. Осы салада еңбек етіп жүрген тағы бір топ қызметкерлерге «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің атынан Алғыс хаттар табыс етілді.

Осы күні кітапхана қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған мәдени іс-шарада өз өнерлерін балалар мен жасөспірімдер кітапханасының тұрақты оқырмандары көрсетіп, жергілікті өнерпаздар Т.Боранов пен Қ.Аукенова кешті әнмен әрлендірді.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.