Иманың болсын серігің

Өзіне сенімді, өзін-өзі бағалай алатын әр тұлғаны тәрбиелеу – бүгінгі таңдағы маңызды міндеттердің бірі. «Әр сөзі, әр нақылы бұрынғының, жол сілтері бүгінгінің» – демекші, тегінде ең берекелі, ең парасатты тәжірибе – халық түйген тұжырымдар, ғасырлар бойы зергерлік ұқыптылықпен сұрыпталған үрдістер, дамыған даналық, өсиет сөздер, ұлағатты ойлар. Мұның барлығы – ұлттық құндылықтар.

Рухани білім берудің басты мақсаты – жас жеткіншек ұрпақты ұлттық құндылық және адамгершілік қасиеттерге баулу, бойында бауырмалдық қасиетті қалыптастыру.

Иман дегеніміз – сенім. Адам сенімсіз, үмітсіз, армансыз өмір сүре алмайды. Адамның ой-қиялы алысқа шарлайды. Сондықтан адамға сенім, дұрыс көзқарас керек. Білім мен нақты өмір шындығына негізделген сенім адамдардың көмекшісіне айналып, дем береді.

Әдеп, адалдық, имандылық – амандасудан басталады. Сәлем беру – өткінші емес, өмірлік міндет. Ендеше, одан жаңылуға да, жалығуға да хақымыз жоқ.

Кішіпейілділік пен қайырымдылық – адамның барлық іс-әрекетінен, қимыл-қозғалысынан, өзін ұстауынан, мінез-құлқынан, ең ақыры киген киімінен аңғарылып тұрады. Кішіпейіл адам адамгершілігі мол, мейірімді болады.

Сабырлылық – адамның өзін-өзі билеуі, әрекетін, алдына қойған мақсатын, ісін бағындыра білуі, қиыншылықтарды жеңіп, өзінің сезімдерін қадағалауды жүзеге асыра алуы.

Қанағатшылдық – әдептіліктің басты белгісі және негізі. Қанағатшылдық пендені адамшылықтан тайдырмайды, аздың өзіне қанағат қылдырады.

Қорыта келе, өз бойына әдемілік пен әдептілікті, қайырымдылық пен кішіпейілділікті, жомарттық, тәртіптілік пен адалдықты жинаған адамгершілігі мол тұлға тәрбиелеу ісінде және еліміздің жарқын болашағы жолында бірге еңбек етейік.

Қ.Есмағанбетова.

Комментарии закрыты.