«Күз – мереке, күз – береке»

Сәтбаев қаласының мәдени-сауықтыру спорт орталығына қарасты «Сұңқар» аула клубында осы тақырыпта сайыс өтті.

Өмірге қажетті табиғаттың құндылығын, байлығын сақтаудағы адамның ролі туралы ұғымды тереңдету, табиғатты эмоциялық сезуді және оған деген қамқорлық қатынасын дамытуды мақсат еткен сайысқа үш аула клубтарының балалары қатысты.

Сайыстың «Күз» тақырыбы бөлімінде балалардың табиғи заттардан істеген бұйымдары мен суреттері сарапқа түсті. Сондай-ақ жапырақтардан жасалған күз киімдердің үлгілері мен бау-бақша өнімдерінен жасалған түрлі заттар көрсетілді. Әр аула клубтары өздерін және туындыларын таныстырып, соңында музыкалық бағдарламаларын ұсынды.

Өз беттерінше еңбек етуге, ерінбеуге үйрету және табиғатқа деген көзқарастарын кеңейтуді көздеген сайыста әр команда белсенділік танытып, көзге түсті. Қазылар алқасының шешімімен III және II орындар «Тұлпар» мен «Сары-Арқа» аула клубтарына бұйырды.

Ал, жүлделі I орынды «Сұңқар» аула клубы жеңіп алды. Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Күз мезгілі жайында балалардың білімін кеңейтетін, күздің ерекшеліктерін есте сақтауға үйрететін, шығармашылық пен жұмыс істеу қабілетін дамытатын мұндай іс-шараның балаға берері, әрине, мол.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.