Эстрада жұлдыздары – Сәтбаевта

Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында еліміздегі шағын қалалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына ерекше назар аудару қажет екендігін атап өткен болатын. Осыған орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі «Отаным – бақыт мекенім» атты жоба әзірлеп, шағын қалалар мен елді-мекендердің тұрғындары үшін жетекші мәдениет ұйымдарының гастрольді-концерттік сапарларын ұйымдастыруда.

Бұл жоба мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, тұрғындарға Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басты бағыттарды жеткізу, халықтың рухани сұранысын қамтамасыз ету, ұлттық және әлемдік өнер туындыларын насихаттау, тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыру мақсатында өткізіліп отыр. Іс-шараның маңыздылығы мен өзіндік ерекшелігі ескеріліп, оған еліміздегі әйгілі өнер ұжымдары тартылған. Сондай ұжымдардың бірі өткен демалыста Сәтбаев қаласында болып, шағын қаланың тыныс-тіршілігіне бір серпіліс берді.

Сөйтіп, Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Халықаралық байқаулардың лауреаты Құрманбек Әлімғазы, бүкілодақтық байқаулардың жеңімпазы Сүлеймен Ибрагимов, ақын Маралтай Райымбекұлы, «Қазақконцерт» АҚ бірлестігінің жас өнерпаздары Әлішер Каримов пен Гүлім Алшынова сынды майталман әншілер барша өнер сүйер қауымды қуанышқа кенелтті.

Сонымен қатар, ұлттық өнеріміздің өсіп, өркендеуіне өзіндік үнімен үлес қосып, «Мен даланың қызымын…», «Өз елім», т.б. әндерімен танымал Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмидинова ән шырқап, салтанатты мерекенің сәнін кіргізді.

Қазақтың ұлттық биімен әлемді шарлаған, «үкісі жерге тигенше майысатын биші» атанған, «Қазақконцерт» бірлестігінің жеке бишісі Перизат Омарбекова да концерттік бағдарлама барысында өз өнерін көрсетіп, жұртшылық сүйіспеншілігіне ие болды.

«Отаным – бақыт мекенім» атты жобаның аясында гастрольдік сапармен қаламызға «Тарту» тобы да келді. «Қасиетті домбыраның мүмкіншілігін барынша көрсету – басты ұстанымымыз» деп санайтын топ классикалық әрі заманауи туындыларды домбырамен орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Бір салалы қалаларды дамыту бағдарламасын қолдау, шалғай елді-мекен тұрғындарына еліміздегі танымал әртістердің өнерін тамашалауға мүмкіндік жасау, шағын қалаларда тұратын халыққа рухани дем беру, көңіл-күйін көтеруді мақсат еткен концертті қазақ эстрадасының белгілі өнерпазы Нәсіпжан Басшыбай жүргізді.

Өнер ұжымдарының осынау концерті кеншілер қаласының халқын әдемі әсерге бөлегені, сонымен бірге қаланың мәдени, рухани өміріне елеулі оң өзгеріс енгізгені сөзсіз.

Мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынған мәдени шара жыл соңына дейін республиканың барлық аймақтарын тұтас қамтитын болады.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.