Дәстүрлі мерекенің бірі

Өткен аптада Сәтбаев қаласының оқушылар сарайында «Күз аруы және мырзасы – 2012» байқауы ауқымды түрде аталып өтті. Жастардың эстетикалық ой-өрісін дамыту, күз мезгілінің ерекшелігі жайында, күзгі молшылық, береке туралы түсініктерін кеңейту және олардың тіл байлығын, таным белсенділігін арттыру мақсатында өткізілген іс-шараға қала мектептерінен бірқатар талапкерлер қатысты.

Олар байқау шартына сәйкес алты кезең, атап айтқанда, «таныстыру», «өнерлі өрге жүзер» өз өнерін көрсету, «сән думан» киім үлгілерін көрсету, «кім тапқыр» сұрақтарға жауап беру және «күзгі сый» тақырыбында түрлі жеміс-жидектен жасалған тағам түрлерінен көрме ұйымдастыру бойынша сынға түсті. Сонымен қатар, қыздарға арналған «дәм думан», жігіттерге арналған «білек сынасу» кезеңдері де өткізілді.

Сайыс барысында қатысушылар ән айтып, би биледі. Арулар өздерінің қонақжайлығын, ал мырзалар батылдығы мен күштерін көрсетті. Іс-шарада ұсынылған сән үлгілері де оқушылардың қолөнер шеберліктерінен хабардар етті.

Оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен өнерлерін қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында оқушылар сарайының басшысы Г.Сансызбаева, әдістеме бөлімінің меңгерушісі Ж.Бектұрова мен көркем музыка бөлімінің меңгерушісі М.Жалбырова болды.

Сонымен, алтын күз мерекесіне арналған байқау да өз мәресіне жетіп, қазылар алқасының өзара келісімі бойынша «Күз аруы мен мырзасы – 2012» болып №19 орта мектептен қатысқан жұп Ерболат пен Айым атанды. Байқауда бақ сынасқан қалған сайыскерлер «Парасатты жұп», «Көрермен көзайымы», «Дарынды жұп», «Тапқыр жұп», «Әдемі жұп» және «Өнерлі өрен» номинацияларымен марапатталды.

Барлық қатысушыларға грамоталар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Марал АҚАНСЕРІҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.