Заңгер қоғамдық қабылдау жүргізді

Осыған дейін «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалының қоғамдық қабылдауында облыстық және жергілікті мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелердің басшылары тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдаса, енді тұрғындардың заңгерлермен де жүздесіп, шеше алмай жүрген мәселелерін жеткізу мүмкіндігі бар. Мұндағы мақсат – тұрғындардың бұзылған құқықтарына араша түсу, көмек беру.

Алғаш рет бұл қабылдауды қорғаушы, заңгер, Ауған соғысының ардагері Сайлаубек Қайранбеков жүргізді. Оған филиал төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев қатысты.

Заңдық тұрғыдан көмек сұрай келгендердің алғашқысы – Василий Горяйнов болды. Ол бірнеше жылдан бері Кеңгір су қоймасынан балық аулауға осы маңды қоритындар рұқсат бермей келе жатқанын айтып, шағымданды. Ақсақалдың айтуынша, балық аулау үшін одан анықтама қағазын сұрайтын көрінеді. Бұл мәселесімен Василий облыстық мәслихатқа 2010 жылы хатпен шыққан, алайда еш жауап болмаған. Негізінде Сайлаубек Оразбекұлы қарттың бұл мәселесін шешуге болатынын айтып, түсіндірді және хатпен қалалық мәслихаттың хатшысына шығуды ұсынды.

ГРП елді-мекенінен шілде айында қоныс аударған Ғалиябану Ахметова мен Гүлмира Әнуарбекова «Гермес» компаниясының үйді бөлудегі және сатудағы бағасына келіспейтіндіктерін айтып, осы мәселені бір жақты етуге көмек сұрай келіпті. Жерді сату кезінде екі тарап бір-біріне келісім-шарт арқылы келісім бергендіктен бұл мәселенің түйінін тарқату оңай болмайтынын заңгер азаматшаларға айтып, жергілікті сот арқылы ғана мәселеге нүкте қойылады деді.

Роза Әшірбекова да ГРП елді-мекенінен Сәтбаев қаласына қоныс аударған. Оған Ә.Молдағұлова көшесінен үй салуға жер беріліп, қазір үйлерін салып алған. Алайда, үйде жылу жоқ. Азаматшаның айтуы бойынша, жылу құбырын тартуға белгісіз себептермен рұқсат ала алмай келеді. Үйінің жанына тиіп тұрған жылуға қолы жетпей отырған Роза осы жылу жағдайының оң шешімін табуға септесуді сұрады. Сайлаубек Оразбекұлы азаматшаның бұл арызы бойынша жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына және әкім аппаратының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне хатпен шығып, көмек беретінін айтты.

Заңгердің алдағы уақытта да қала тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдауы жалғасын табады.

Б.Айтөреұлы.

Комментарии закрыты.