Еңбекке ынталандыру – міндеттің бірі

Кейінгі жылдары кеніштер сапына қосылған «Степной» кен орны 2005 жылы №67-ші және №70-ші шахталардың базасында қайта құрылған жас кеніш. Жеті қат жердің астынан желі тартып, тереңнен кен қопарып, ел дәулетін еселеп жүрген мұндағы кеншілердің саны тоғыз жүзге таяу. Соның басым көпшілігі жастар.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың үстіміздегі жылдың шілде айында «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы еңбек адамының қоғамдағы орнын ерекше айқындап берді. Елбасы болашақтың үлкен бағдарламасын қалыптастыра отырып, еліміздің даму қарқынына бірден-бір әсер етуші фактор – еңбек екенін атап өтті. Мемлекет басшысы мақаласында басты қағида ретінде еңбек өнімділігін атап отыр. Шағын кәсіпкерлікпен айналысып, кем дегенде 5-6 азаматқа жұмыс беріп, онда өнімнің сапасы, нарықтың қажетіне жарауы, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы – экономикалық өсімге бірден-бір әсер етуші күш. Еңбек өнімділігі, табыстылық, қауіпсіздік ұштаса келгенде ғана біз шынайы еңбектің нәтижесін көреміз. Бұл бағытта біздің кеніштерде ауқымды шаралар атқарылып келеді. Кеншілердің кен өндіру, еңбек өнімділігін арттырып, жоспарды орындаудағы нәтижелері жаман емес. Соңғы кезде жұмыскерлердің қауіпсіздігін арттыру шаралары да күшейтілуде.

Мақалада Елбасы болашаққа батыл қадаммен баруды ұсынады. Ол үшін ең әуелі бүгінгі жас буынның тұрмысын түзеу, еңбек қоғамына қарай бейімдеу мәселесін бүгіннен бастау қажет. Біздің №67-ші және №70-ші шахталарда еңбек ететін мамандардың көбісі жастар. Олардың еңбекке деген талпыныстары ерекше. Біздің жігіттер маңдай термен тапқан нанның қадірін біледі. Олар тек өз жұмыстарын тиянақты орындап қоймай, «Қазақмыс» корпорациясы мен қала өмірінде болып жатқан барлық іс-шаралардың бел ортасынан табылып жүр. Кеніштегі Жастар одағының хатшысы Луиза Мыңбаева жас мамандардың демалыстарын жақсы өткізуге, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуына көп көңіл бөледі. Еңбекпен қатар қоғамдық-саяси және мәдени-спорттық шаралармен жас мамандардың қамтылуы жақсы жолға қойылған. Бұл бағытта олардың жеткен жетістіктері де жоқ емес.

Еңбекқор жастарды талпындыру, жасаған еңбегі арқылы мәртебесін көтеру – Елбасы мақаласының басты бағыты. Біз осы бағытта, алдағы кезеңдерде бірігіп жұмыс жасай бермекпіз.

Асқар Дәулетов, №67-ші шахтаның №4-ші кен өндіру учаскесінің бастығы.

Комментарии закрыты.