Аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты

Өткен жетіде Жезқазған аймағына Қазақстан Үкіметі премьер-министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Үкімет өкілінің жанында Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов болды.

Қ.Көшербаев «Жезқазған-Бейнеу» жобасының құрылыс алаңында болып, темір-жолшылармен сұхбаттасты. Бұл жоба Үкімет жоспары бойынша 2016 жылы іске қосылуы керек, бірақ та теміржолшылар оның құрылысын 2015 жылы аяқтап, алғашқы жүк легін сол жылдың шілдесінде жүргізуге міндеттеніп отыр. Премьердің орынбасары сонымен бірге сапар барысында Жезқазған жылу электр орталығында болып, орталықтың бүгінгі күндегі хал-ахуалымен танысты.

Сәтбаев қаласында Қырымбек Көшербаев «Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткен Тәуелсіздік даңғылы бойындағы 16-шы үйде болды. Қала әкімі Батырлан Ахметов пен пәтер иелері кооперативтері қауымдастығының төрайымы Любовь Луцюк аталған бағдарлама бойынша қалада атқарылған жұмыстар жайында айтты.

2011-2012 жылдары бұл бағдарлама аясында Сәтбаевта 15 тұрғын үй жөндеуден өтті. Бұл игі шаралар келесі жылы да жалғасын таппақ. Қырымбек Көшербаев 16-шы үйдің тұрғындарымен сұхбаттасып, атқарылған жұмыстардың сапасы жөнінде олардың пікірлерін тыңдады. Тұрғындар Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан бағдарлама арқасында ескі үйлердің «екінші өмірі» басталғанын және сондай жаңғыртуды көрші үйлердің тұрғындары да қалайтынын жеткізді. Бұл тұрғыда Үкімет өкілі мен облыс әкімі қала басшылығына тұрғындардың өтінішін ескере отырып жұмыс жүргізу керектігін айтты.

Қырымбек Көшербаев сапар барысында «Қазақмыс» корпорациясының кеншілер қаласында орналасқан технологиялық колледжінде болып, оқу кабинеттері мен зертханаларын, болашақ кеншілерді қазіргі заманға сай виртуальді оқыту барысын өз көзімен көрді. «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Эдуард Огай мен колледж директоры Елена Букашкина мәртебелі қонаққа аталмыш компанияның осы оқу орнына көрсетіп отырған көмектері, колледж түлектерін корпорация кәсіпорындарына орналастыру жолындағы шаралар жайында баяндап берді.

Премьер-министрдің орынбасары журналистерге берген сұхбатында сапарының мақсаты – Елбасының тапсырмасымен аймақтарды аралап, қысқа дайындық, бағаны тұрақтандыру, жылды қорытындылау барысын қадағалау екенін айтты. – Сонымен бірге, Жезқазған-Ұлытау аймағын одан әрі дамытуға бағытталған кешенді жоспар мен моноқалаларды қолдау бағдарламасын іске асыруда жергілікті атқарушы биліктің атқарып отырған жұмыстарымен танысып, Үкімет тарапынан қандай көмек қажет және сол бойынша нақты шешімдер қарастыру мақсатында осы өңірге келдім, – деді Қырымбек Көшербаев.

Сол күні Премьердің орынбасары сапарын Ұлытау ауданында жалғастырды.

М.Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.