«Әлем мүмкіндігі баршамызға ортақ»

Дәл осындай тақырыпта қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау орталығында шығармашылық байқау өтті. Бұл байқауды кемтар балаларды мәдени өмірге тартып, шығармашылыққа жақын жүрген балғындарды шыңдай түсу мақсатында Сәтбаев қаласы әкім аппараты жанындағы ішкі саясат бөлімі мен «Жезқазған қалалық Жастар Одағы» ҚБ ұйымдастырды.

Байқаудың шымылдығын ашып берген қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Кауһар Сағындықова балалардың әрқашанда жайдары жүрулеріне, қиындық болса мойымай, осындай жарыстарда өнерлерімен таныла беруге тілектестігін білдірді.

Орталыққа келіп, бір сәт болса да өздерінің көңілдерін аулайтын ортада олар тәрбиешілерінің үйреткендерінің көп екендіктерін көрсетті. Бірі ән айтса, енді бірі бұрала би билеп, өлең оқыды. Тіпті бұл балалар қолданбалы өнер туындысын жасаудан шебер екендіктерін көрсетті. Орталықтың бір бұрышында шебер балалардың туындылары қойылған.

Өнерлерімен тәнті еткен барлық балаларға тәтті тағамдар таратылып, жеңімпаздарға «Жастар Одағы» ҚБ бастығы Ақжан Әбілдина дипломдар мен ақшалай сыйлық берді. Қазылар алқасы ақылдаса келе, «Көркемсөз» номинациясы бойынша ІІІ орынды Айгерім Шәденоваға берсе, І және ІІ орындарды «Хореография» номинациясы бойынша сынға түскен балақайлар жеңіп алды. ІІ орын Сағыныш Байжанова мен Нұрай Төлендиеваға бұйырса, ал, І орынды Аружан Мықтыбек жеңіп алды.

Қолданбалы өнер туындыларын ерекше дайындаған Айгүл Арыстановаға «Жеңіске ұмтылысы үшін» номинациясы, Айдай Әжібаеваға «Ерекшелігі үшін» номинациясы және ақшалай сыйлық тапсырылды.

Ата-аналар балаларының жарымжан көңілдерін көтеріп, шағын мереке ұйымдастырғандары үшін алғыстарын айтты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.